12 мау, 2020 сағат 12:55

Жұмыс берушілер қызметкерлерді қысқартатынын онлайн ескерте алады

Жұмыс берушілерге ыңғайлы болуы үшін enbek.kz электронды еңбек биржасында мемлекеттік органдарды «қызметкерлердің қысқартылатыны жайлы» хабардар ететін функционал іске қосылды. Бұл жөнінде Еңбек ресурстарын дамыту орталығы хабарлады.

ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңының 28-бабына сәйкес барлық ұйымдардың кадрлық бөлімдері «қызметкерлерді жұмыстан босататыны» туралы ақпаратты жұмыспен қамту орталықтарына алдын ала беруге міндетті. 

Осы уақытқа дейін кадр бөлімінің қызметкерлері арнайы қағаз құжаттарды толтырып, оны өздері барып тапсыруға мәжбүр болатын. 

Енді бұл рәсім барынша жеңілдетіліп, жеделдетілді. Жұмыс беруші электронды еңбек биржасы порталындағы жеке кабинетінде қызметкерлердің санын, олардың жалақы мөлшерін, лауазымын, мамандықтарын, біліктілігін, жұмыстан шығу себептерін, сондай-ақ босатылатын мерзімді көрсете отырып «алдағы уақытта қызметкерлерді қысқартатыны» туралы мәліметтерді толтыра алады.

Қызметкерлерді қысқарту туралы деректерді беруді автоматтандыру – жұмыссыз қалған азаматтарға уақтылы жаңа жұмыс орындарын табуға септігін тигізеді.