Фото: eurasian-research.org
Бүгін 24.kz арнасы Қазақстанда 13 мың шетелдік жұмыс істейтінін хабарлады. Ал оның 3 мыңы басшылық қызметтерде жұмыс істейді екен. Осы орайда Ult.kz тілшісі еліміздегі ең нарығындағы мәселелерді қарастырып көрді.
Нарықтағы тепе-теңдік
Қазақстан еңбек нарығында шетелдік жұмыс күшінің орны ерекше. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде 13,5 мыңнан астам шетел азаматы еңбек етіп жүр. Олардың қатарында басшылық қызметте отырғандар да, түрлі салада тер төгіп жүрген қарапайым жұмысшылар да бар. Атап айтқанда, 569-ы – басшылар мен орынбасарлар, 2 514-і – бөлімше жетекшілері, 4 711-і – білікті жұмысшылар. Сондай-ақ 1 217 адам маусымдық еңбекке тартылған.
Бұдан бөлек жеке шаруашылықтарда жұмыс істейтін шетел азаматтарының да үлесі аз емес.
Айта кетерлігі, Қазақстан жыл сайын шамамен 300 мыңға жуық шетелдікке еңбек етуге квота береді. Бұл қадам, бір жағынан, ішкі еңбек нарығындағы бос орындарды толтыруға сеп болса, екінші жағынан, бәсекелестікті күшейтіп, жергілікті кадрлардың кәсіби дамуына ықпал етеді.
Алайда сарапшылардың айтуынша, шетелдік жұмыс күшіне сұраныстың артуы елдегі еңбек ресурстарының теңгерімсіздігін де аңғартады. Кей өңірлерде жұмыс күші артық болса, енді бір өңірде тапшы. Сол себепті еңбек нарығының мұндай ерекшеліктерін ескере отырып, ұзақ мерзімді саясат қалыптастыру қажеттігі туындайды.
Сын-қатерлері мен сапалы жұмыс орындары
Қазақстан еңбек нарығы қазір тарихи кезеңде тұр. Бір жағынан, ресми деректер жұмыссыздық деңгейінің төмендегенін көрсетсе, екінші жағынан – жаңа технологиялар, демографиялық өсім мен өңірлік теңгерімсіздіктер елдің алдағы онжылдықтағы еңбек саясатына сын-қатерлер тудырып отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметовтың айтуынша, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында жұмыссыздық деңгейі 4,6%-дан аспаған. Жалдамалы жұмысшылар саны 7,1 млн-ға жетіп, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 2,1 млн-ды құраған. Дегенмен, бұл сандардың ар жағында бірқатар жүйелі мәселелер бар.
Біріншіден, цифрландыру мен автоматтандыру көптеген дәстүрлі мамандықтардың сұранысын төмендетіп, жаңа цифрлық дағдыларды талап етуде. Екіншіден, платформалық экономика мен е-коммерцияның өсуі еңбек нарығына бейресми сипат дарытып отыр. Үшіншіден, демографиялық қысым – жыл сайын еңбекке қосылатын жастар саны артып келеді, 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш жылына 360 мың адамға жетпек. Қазақстанның еңбек картасында да айқын алшақтық бар: оңтүстікте жұмыс күші мол болса, солтүстікте тапшылық сезілуде.
Мегаполистерде ішкі көші-қонның шамадан тыс артуы инфрақұрылымға ауыртпалық түсіріп отыр. Ал көлеңкелі секторда еңбек ететіндердің үлесі 30%-ға дейін жетіп, зейнетақы жүйесіне қатыспайтын халықтың едәуір бөлігі қалып отыр. Үкіметтің мақсаты – 2030 жылға дейін 3,8 млн сапалы жұмыс орнын құру. «Сапалы» деген ұғымның өзі – жалақысы медианадан жоғары, әлеуметтік кепілдігі бар әрі кемінде жарты жыл тұрақты орын.
Бүгінде мұндай жұмыс орындарының саны 2,6 млн-ға жеткен. Сонымен қатар, кадр даярлау жүйесін еңбек нарығына жақындату үшін кәсіби стандарттар енгізілуде. Жаңа мамандықтар – дрон операторынан бастап, жасанды интеллект маманына дейін – қазірден қалыптасып келеді. «Мансап компасы», Skills Enbek сияқты цифрлық сервистер жастардың білім мен еңбекке бейімделуін жеңілдетуге бағытталған.
Ресми статистика жұмыссыздық деңгейін 4,6% деп көрсетсе, кейбір тәуелсіз зерттеулер бұл көрсеткішті 7–8% аралығында бағалайды. Өйткені уақытша, өнімсіз еңбекпен шұғылданғандар ресми есепке кірмей қалып отыр. Бұл да еңбек нарығының шынайы көрінісін бұрмалауы мүмкін. Қазақстан еңбек нарығы сандық емес, сапалық өзгерістер кезеңіне аяқ басты. Тек жұмыс орнының саны емес, оның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі маңызды. Кадр даярлау, өңірлік теңгерім, көлеңкелі секторды азайту және жаңа технологияларға бейімделу – алдағы онжылдықтың басты міндеті. Әйтпесе, жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші төмен болғанымен, әлеуметтік тұрақсыздық тәуекелі жоғары күйінде қала бермек.
Ақбота Мұсабекқызы
