02 мам, 2019 сағат 16:51

Жұматай Әлиев ОСК шешіміне шағымдана алады

«Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Жұматай Әлиев Орталық сайлау комиссиясының шешіміне апелляция бере алады. Бұл жайында бүгін ҚР ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта мен оның (президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Жұматай Әлиев - ред.) лингвистикалық комиссия шешімімен келісетіндігін не келіспейтіндігін айта алмаймын. Ол жайында өзі айта жатар. Жалпы, Орталық сайлау комиссиясының кез келген шешіміне қарсы шағым жасауға болады. 10 күннің ішінде сотқа шағым беруге ол кісінің де құқығы бар. Лингвистикалық комиссия кандидатқа үміткер мемлекеттік тілді еркін меңгерген немесе меңгермеген деп қана баға бере алады», - деді Ләззат Сүлеймен.

Айта кетейік, бүгін «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсынған Жұматай Әлиев мемлекеттік тілден емтихан тапсырды. Нәтижесінде ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия оның мемлекеттік тілді еркін меңгермегендігін анықтады.

Осыған орай ҚР Орталық сайлау комиссиясы «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Жұматай Әлиевті кандидат ретінде тіркеуден бас тартты.