Фото:egemen.kz
Вице-премьер Серік Жұманғариннің сөзінше доллардың қымбаттауы қазақстандық азық-түлік өнімдерінің бағасына айтарлықтай әсер етпейді. Бұл пікірін ол Мәжіліс кулуарында айтты, -деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, доллар бағамының өсуі тек импортталатын қымбат тауарларға ықпал етуі мүмкін, ал отандық азық-түлік өндірісіне бұл өзгерістердің әсері аз болады.
Айта кетейік, ұлттық валютаның құнсыздануы азық-түлік бағасына да әсер етуі мүмкін деген түсінік қалыптасқан. Бірақ Жұманғарин отандық өнімдердің негізгі бөлігі ел ішінде өндірілетіндіктен, валюта бағамының олардың құнына ықпалы төмен екенін айтты.
"Былайша айтқанда, фуа гра делік. Егер сіз оны Франциядан сатып алсаңыз-экзотиканы сүйетіндер үшін, әлбетте қымбаттайды. Өйткені сіз валютаға сатып аласыз. Тиісінше, қымбат шараптар, сегменттер бар. Бірақ егер сіз қазақстандық шараптарды сатып алсаңыз, қазақстандық тауық еті мен нанды алсаңыз доллар компонентінің оған қандай қатысы бар? - деді ол.
Журналистердің сүт өнімдері мен йогурттардың 100-150 теңгеге қымбаттағаны туралы сауалдарына жауап берген вице-премьер бұл сандарды тым жоғары деп бағалап, мұндай өзгерістерді өзі байқамағанын айтты. Оның сөзінше, бағаның айтарлықтай өсуі анықталса, үкімет дереу әрекет етер еді. Ол бағаның өзгеруін түсіну үшін оның құрамдас бөліктерін талдау қажет және бағаның өсімі көбінесе саяси жағдайға байланысты.
Жұманғарин биылғы жылы азық-түлік инфляциясының төмен деңгейде екенін атап өтіп, үкіметтің жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шараларының тиімділігін айтты.
Оның мәліметінше:
Азық-түлік тауарлары бойынша инфляция – 4,4%;
Азық-түлік емес тауарлар бойынша – 7,4%;
Қызмет көрсету секторы бойынша – шамамен 12%.