23 мам, 2024 сағат 18:53

«Жұбайының келісімі керек»: Енді қазақстандықтар несиені оңай ала алмайды


Фото: ©️ depositphotos.com


Сенат депутаты Сергей Карплюк енді қазақстандықтар 3,7 млн теңге несие алғысы келсе, жұбайының рұқсаты керегін айтты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


Бүгін Сенаттың жалпы отырысында халықтың шамадан тыс кредит алуын азайтуды көздейтін заң Мәжіліске қайтарылды.


Сенатор құжатқа енгізілген негізгі нормаларға тоқталды.


"Енді ерлі-зайыпты кредит алуды жоспарласа, 3,7 млн теңге несие (1 мың АЕК, 1 – 3 692 теңге) алған жағдайда, екеуінің де келісімі керек. Cондай-ақ кредитті төлеу мерзімін 90 күннен кешіктірсеңіз, онда сізге банк те, микроқаржылық ұйым да несие бермейді. Бұл шаралардың барлығы халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендетуге бағытталған", - деді депутат Сергей Карплюк Сенаттың жалпы отырысынан соң.


Сондай-ақ заңға енгізілген түзетулерге қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов түсінік берді.


"Біріншіден, сенатор Сергей Карплюк айтқандай, (несиенің сомасын) нормативтік құқықтық акті аясында 1 мың АЕК (1 АЕК – 3 692 мың теңге, 3 млн 692 мың теңге) деңгейінде болуы керек деп анықтадық. Бұл – шамамен 3,7 млн теңге. Біздің ойымызша, бұл сома қандай да бір шұғыл қажеттілікті жабуға жетеді. Оның ішінде медициналық көмек мәселесі де бар.
Екіншіден, 1 мың АЕК-ті неге көрсеттік? Салық кодексі аясында 2025 жылдан бастап "Қазақстанның барлық азаматы 1 мың айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын активін табыс декларациясында көрсетуі керек" деген норма күшіне енеді. Оның ішінде шетелдік банктердегі есепшоттарда сақталған қаржы да бар. 1 мың АЕК міндетті түрде декларацияда көрсетілуі керек. Келісім (несиенің сомасы) 1 мың АЕК-тен (3,7 млн теңге) асқанда керек", - деді Қизатов.