02 жел, 2020 сағат 09:56

ЖОО оқытушылары толтыруға міндеттеліп келген 11 құжат алынып тасталды

Жоғары оқу орындарының оқытушылары толтыруға міндеттеліп келген 11 құжат алынып тасталды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз ҚР БҒМ бұйрықтарына өзгерістер енгізіп, оқытушылар толтыратын құжаттар көлемін айтарлықтай қысқарттық. Тек соңғы өзгерткен бір бұйрықтың негізінде мысал келтірейін. Қатаң есептілік нысандарынан 11 құжат алынып тасталды. Олардың арасында оқу уақытын ай сайынғы және жылдық есепке алу ведомостары, білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттауға арналған бірнеше емтихан ведомостары, қорытынды аттестаттауды өткізу жөніндегі комиссия отырыстарының әртүрлі хаттамалары және тағы басқасы бар», - деді Білім және ғылым министрі. 

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша бір ғана кафедраның жұмыс жоспарын жүргізу үшін 21 тармақтан құралған құжатты толтыру керек. Ал ол көп уақытты қажет етеді.

«Оның бәрі міндетті құжаттардың тізімінен қысқартылды. Дегенмен кейбір университеттер бұрынғы әдетіне салып, ескі талаптардан бас тарта алмай келеді. Оқытушылардан алдағы уақытта басшылық сол құжаттарды талап етсе, ҚР БҒМ-нің бұйрықтарына сүйенуіне болады. Жалпы барлық құжаттар цифрлық форматта жүргізілуі қажет», - деп толықтырды министр.