Алматыда «Bank RBK» АҚ қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған экс-банкир Жомарт Ертаевты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен Жомарт Ертаев 15 желтоқсанға дейін қамауда отыратын болды.
Еске салайық, Ж. Ертаев 2018 жылдың мамырында Мәскеуде Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша ұсталды. ҚР ІІМ ақпаратына сәйкес, ол ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеуде болған.
Ол «Bank RBK» АҚ директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі бола отырып, жалған ЖШС-ның 80 млн АҚШ доллары сомасында банктен қарыз алуына ықпал еткен. Сондай-ақ, қарызды қайтармау мақсатындағы әрекеттерді жүзеге асырды деген күдікпен ұсталған.
Сондай-ақ, онымен бірге 54 адам, соның ішінде банктің 41 топ-менеджері мен қатардағы қызметкерлері - бұрын экстрадицияланған Б.Ибрагим, И.Мажинов, Д.Туғанбай, Д.Едігенев, А.Мамырбеков, Т.Шәріпов, тағы басқалар күдікке ілінген.