30 нау, 2019 сағат 16:21

Жолдаудағы жаңа міндеттер

Елбасы қазандағы Жолдауында ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы еліміздің 10 негізгі міндетін белгілеп берді. Жолдауда айтылған мәселелердің маңызы өте зор.

Біріншіден, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды, бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды.

Екіншіден, бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау көрсету, осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етілетін болатыннын жеткізді.

Сондай-ақ, Елбасы 2010 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы өз жұмысын жасап келе жатырғандығын, мұның тиімділігіне жеткізе келіп, бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту тапсырды.

Үшіншіден, бизнес саласындағы заңсыз қысымға назар аударып, қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыра түсу керектігін тілге тиек етті.

Бүгінге дейін әлемнің көптеген елі салықтық амнистия жүргізген. Бұл тәжірибе әр елде түрлі кезеңде қолға алған. Амнистияның нәтижесі экономикаға, салықтық базаға жалпы алғанда бюджет қаржысын толтыруға пайдасы бар деп бағаланады. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан да бірнеше рет активтер мен капиталдарға амнистия жүргізілді, бірақ салықтық амнистия болмаған.

Енді міне, сарапшылар талайдан бері айтып жүрген қажетті шараны ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында жүзеге асырды. 2019 жылдан бастап шағын және орта бизнес үшін салықтық амнистия жүргізіледі.

«Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелер интеграциясының аяқталуы әкімшілендірудің ашықтығын арттырады. Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын. Бәрі біз ойлағандай жақсы емес. Біріншіден, шынайы салық төлеп отыратын бизнес бар, ол ертең: анаған салық салмады, ал менен неге алды демей ме? Яғни бұл жерде әңгіме егер ол мемлекетке негізгі салықты төлесе, өсім мен айыппұл жайлы болып отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Бұл шара бизнеске серпін беруі керек. Алайда, Елбасы айтқандай ол нақты талапқа арқа сүйеуі қажет. Сол себепті, Үкімет үш жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бұған қоса, Елбасы экономикалық тергеу қызметін қайта ұйымдастырудың қажеттілігіне тоқталды. «Қаржылық мониторинг комитетіне қызметті тапсырып, экономикалық тергеу қызметін қайта ұйымдастыру қажет, Оның негізгі міндеті көлеңкелі экономикаға қарсы күрес болуы тиіс. Ақшасыз экономикаға өтуіміз керек. Қолма-қол ақша болған жерде пара мен заң бұзушылық болады, экономика көлеңкеде қалып қояды, зейнетақы қорына да, әлеуметтік қорға да салық төленбейді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Әрі кәсіпкерлерді қорғау шақырды, қажет болса тіпті бұл туралы қылмыстық іс қозғау қажеттігін айтты.

Демек, отандық бизнесмендер шаруасын емін-еркін жасайды. Мемлекет басшысының бұл бастамасы кәсіпкерлерді қуантқаны анық. Бұдан былай салық үстіне қосылған айыппұл мен өсім алынып тасталады. Әрине, бұл жеңілдік. Себебі, 5 жыл бұрынғы мерзім үшін қосылатын айыппұл, өсім кейде қарыздың өзінен 2-3 есе көп болып кететін.