Фото: ашық дереккөз
Бейімбет Майлин ауданында автомобиль жолдарын жөндеу барысында жіберілген заңбұзушылықтар жойылып, мемлекет бюджетіне 35,6 млн теңге қайтарылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Аудан прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 8 жол учаскесі бойынша жасалған мемлекеттік сатып алу шарттарында кепілдік мерзімдері көрсетілмегені белгілі болды. Бұл жағдай мердігерлердің орындалған жұмыстардың сапасына жауапкершілік алмауына әкелуі мүмкін еді.
Сонымен қатар, құны 720 млн теңге болатын жол учаскесін жөндеу барысында мердігер тарапынан мерзімдердің бұзылғаны анықталғанымен, оған қатысты тиісті шаралар уақытылы қабылданбаған.
Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде барлық анықталған заңбұзушылықтар жойылды. Мемлекеттік сатып алу шарттарына қосымша келісімдер енгізіліп, үш жылдық кепілдік міндеттемелер бекітілді. Сондай-ақ бюджетке 35,6 млн теңге көлемінде айыппұл өндіріліп қайтарылды.
Қадағалау органдары мемлекеттік сатып алу және жол жөндеу саласындағы бақылау жұмыстарының жалғасатынын мәлімдеді.
