21 қыр, 2016 сағат 11:51

Жол қадірін жүрген біледі

Елді мекендерді бір-бірімен байланыстырып, қыж-қыж қайнаған тынымсыз тіршілікке өшпес нәр беріп жатқан күре жолдардың қадір-қасиетін оның бейнетін тартып жүргенауылдықтардан артық ешкім біле қоймас. Әсіресе, жауынды-шашынды, боранды күндері қатынау үлкен азаппен тең. Оның үстіне жолдың сапасы адам төзгісіз болса, шоқырақ аттың үстінде келе жатқандай жайсыз күй кешері анық.

Қызылжар өңірінде күрмеуі келіспеген осынау өзектіпроблеманы шешу үшін бұрын-соңды бөлінбеген қаражат бағытталып, озық технологиялар қолданыла бастады. Бізоблыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт ИСМАНОВҚА жолығып,«қалдық» қағидатымен атүсті ғана көңіл бөлініп келген әлеуметтік маңызы зор мәселеге ерекше басымдық берілуі жайын сұрастырған едік.

– Көлік инфрақұрылымы ел өмірін­де шешуші буын атқаратыны, орнық­ты орын алатыны ешқандай талас тудыр­майды. Елбасы өз Жолдауларында сала­­­ның индустриялық экономика мен қо­ға­мымыздың тамырына қан жүгір­­тетін жүйе екенін, сапалы зама­науи магистральдарсыз дамыған ел бол­майтынын талай рет атап көрсетті. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында жол-көлік инфрақұрылымын қалып­тас­тырудың стратегиялық жолдары белгіленді. Уақыт өткен сайын көлік пен байланыстың өңірлік және жаһандық шаруашылық байланыстар жүйесіндегі рөлі өсіп келеді.

Петропавл – республикалық жол­дардың тоғысында орналасқандықтан, экспорт­тың негізгі ағыны саналатын шекаралас аймақтарды бір-бірімен бай­ланыстыруда маңызы өте зор. Облыс­тың көлік жүйесінде 16 мыңнан астам адам еңбек ететінін, жылына жүздеген мың жолаушы мен жүк тасымалданатынын, 200-ден астам қоғамдық автобус бағыты жұмыс істейтінін, елді мекендердің 96 пайызы тасымалмен тұрақты қамтыл­ғанын ескерсек, сапалы қызмет көрсету қашанда басты міндет болып қала береді.

– Десек те тұрғындар жолдардың сапасыздығына жиі шағымданып, билік орындарына өкпе артып жатады. Осы пікірлермен келісесіз бе?

– «Халық айтса, қалт айтпайды» деген. Тек мына жайтты есте ұста­ған абзал. Өңірдегі автомобиль жол­дарының жалпы ұзындығы 9 мыңдай шақырым болса, 1500-і – республикалық, 2500-і – облыстық, 5 мыңдайы аудандық маңыз­ға ие. Оның ішінде 4489 шақы­рымы ас­фальтты, 2600-і – қиыршық тасты, 1884-і көтерме жолдар саналады. Осылардың 40 пайызы күрделі, 29 пайызы орташа жөндеуді қажет етеді. Басым бөлігі өткен ғасырдың 50-60-жылдары салынғанын, бұған ширек ғасырдан бері жөндеу жүргізіл­меген­дігін қоссақ, жағдайдың күрделі екенін аңғару қиын емес. Оның үстіне 8 тоннадан аспайтын салмаққа есеп­телгенін ескермей болмайды. Қазір ауыр көліктердің қарқынды қозғалысы әлденеше есе артқан. Осыған қарап-ақ жол шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуат­ты тірліктің қайнар көзі екенін бай­қауға болады. Өркениетті елдердің барыс-келіс пен алыс-берісте жол қаты­на­сына айрықша назар аударатыны сондықтан. Тақтайдай теп-тегіс жолдар барар жеріңе тез жеткізіп, ешқандай әуре-сарсаңға салмайды. Қазақстанның көліктік инфрақұрылымын 2020 жылға дейінгі дамыту бағдарламасында халықара­лық талаптарға ыңғайлай отырып көлік жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін, тран­зиттік әлеуетін арттыру, сервистік қыз­мет көрсетуді жақсарту, жаңа жұмыс оры­ндарын ашу ұстанымдары алға тартылған. Ең бастысы, жол сапа­сына айрықша көңіл бөлінген. Осы мем­лекеттік жоба аясында облыста көлік тасымалы шаруашылығын жаңғырту бойынша дәйекті жұмыстар атқарылып келеді.

– Ойыңызды нақты мысалдармен дәйектей түссеңіз…

– Толғағы жеткен түйінді мәселе аумақ­тық дамыту бағдарламасына арқау етіліп, облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды қалпына келтіруге айрықша басымдық берілді. Нәтижесінде бұрын-соңды бөлінбеген қаржы қарастырылып, былтыр­дың өзінде ғана 5 миллиард 140 миллион теңге игерілді. Бұл қар­жыға автокөлік жолдарының 260 шақы­ры­мы жөнделді. Тайынша – Чкалов бағы­тын­дағы автожолға, Айыртау мен М.Жұмабаев аудандарындағы жол өтпе­леріне, Аққайың ауданындағы су өткізу құбырларына жұмсалды. Келлеровка – Тайынша – Чкалов бағыттары 85 мың тұр­ғыны бар Тайынша, Ақжар және Уәлиханов аудандарын байланыс­ты­раты­ны ескеріліп, ерекше серпін берілді. Кішкенекөл – Телжан – Мортық – Тілеусай, Новоникольск – Андреевка, Борки – Ташкентка, Саумалкөл – Ново­ишимка автожолдары қамтылды.

Басқармаға жүктелген талаптар ішінде облыстық маңыздағы жолдарды салу, жөндеу, тиімді пайдалану, талапқа сай күтіп-ұстау, жалпыға ортақ автомобиль жолдарының желісін басқару, тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру мәселелері кіреді. Осыған орай кешен­ді іс-шаралар жоспарын одан әрі жал­ғас­тыруға биыл 5 миллиард 813 мил­лион теңге бөлініп, 360 шақырым жол қалпына келтірілді.

– Жаңа технологияны қолдануға көш­кен екенсіздер. Қаншалықты тиімді?

– Салқындатылған ресайклирендіру, топы­рақты тұрақтандыру секілді инно­вация­лық әдістер Еуропа елдерінде жүйе­лі қолданылады. Оның жол сапа­сын жақсарту, қауіпсіздігіне кепілдік беру, қызмет мерзімін ұзарту, баға мен энергия шығынын азайтудағы артық­шы­лықтары көп. Былтыр бұл әдіспен 40 шақы­рым жол жөнделсе, биыл 60 шақ­ырым қамтылды. Тайынша – Чка­лов автожолына, Айыртау, М.Жұма­баев, Шал ақын, Аққайың аудан­­дарына қарасты бірнеше бағыт бойын­ша жолдың үстіңгі жабындысына қол­данылды. Сонымен қатар жалпы сомасы 1 миллиард 481 миллион тең­гені құрайтын орташа жөндеулер жүргізілді. Озық технологияның тиімділігі мол. Мәселен, бір шақырым асфальт-бетон жабындылы жолға күрделі жөндеу шығыны 130 миллион теңгені құраса, енді шығын 2 есеге дейін қысқарды. Ескі асфальтты қайтадан пайдалану арқылы оның құрамын жаңа материалдармен толықтыру қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа әдіспен төселетін тас жолдар бе­рік­­тігімен ерекшеленеді.

Былтыр Петропавл халықаралық әуежайының ұшып-қону жолағын жөндеуге 4 миллиард, биыл жолаушы­лар терминалына 1,8 миллиард теңге қарас­тырылды. Тайынша ауданы, Новоишимка, Саумалкөл кенттерінде авто­бекеттер, қызмет көрсететін пункт­тер, қалаларда такси тұрақтары салы­нады. Оңтүстік-Орал теміржол бөлім­шесінің вокзалына күрделі жөндеу жүргізілуде.

«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдар­ламасына сәйкес «Щучье – Көкшетау – Петропавл – Ресей шекарасы» транзиттік дәлізінің жалпы ұзындығы 132 шақы­рым болатын «Астана – Петропавл» авто­мобиль жолын жаңғырту қарқынды жүр­­гізілуде. Биыл оның құрылысы то­лы­ғымен аяқталады. Осылайша Ресей­ге қарай көлік дәлізін құру жүзеге асы­рылады.

Көктемгі тасқынның салдарынан 149 жол учаскесін қарғын су шайып кеткен болатын. Әсіресе, Донецк, Рощинск, Покровка – Корнеевка тасжолдары үлкен зардап шекті. Оларды қалпына келтіру үшін бюджеттен қаржы бөлінді. Облыс орталығының көшелерін жөндеуге 1,5 миллиард теңге жұмсалады.

– Қылышын сүйретіп қыс келеді. Тұрғындар өткен жылғыдай тағы да жол мехнатын тартып жүрмей ме?

– Иә, қыстың көзі қырауда елді мекендер арасындағы қарым-қаты­нас­тың біршама қиындап кететіні жасырын емес. Теріскейдің үскірік аязында, долы боранында жолдарды тазалау, кедергісіз жүріп-тұруды қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы жай күні бұрын ойластырылып, автожолдарды күтіп ұстау үшін «Петропавл жолдары» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Сөйтіп  қыс мезгілінде төтенше жағдай­ларды болдырмаудың барлық ықтимал шаралары қарастырылды.

«Жол қадірін жүрген біледі» дегендей, діттеген жерге шаршамай-шалдықпай жадыраған көңілмен жету – әр адамның мұраты. Олай болса, қалыптасқан күрделі жағдайларды тиянақты шешудің барлық мүмкіндіктерін қарастыру басты міндет болып қала береді.

 – Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен

Өмір ЕСҚАЛИ

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы