20 там, 2019 сағат 19:14

Жобалық басқарудағы жастар тәжірибесі

«Bolashaq» Қауымдастығы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасын бастады.

Нұр-Сұлтан қаласында бастау алған шараға еліміздің әр өңірінен белсенді жастар жиналды.

Жоба аясында «Jas Otan» жастар қанаты төрағасы Дәулет Кәрібек «Жастар ҮЕҰ-ның тұрақты дамуы мен тиімділігін аттыру» тақырыбында мастер-класс өткізді.

Мастер-класс барысында шараға қатысушы жастар тайм-менеджмент, мультимәдениет, белгісіздік жағдайында шешім қабылдау, ойлау және тиімді коммуникация тақырыптарында ақпарат алды.

«Бүгін біз жобаларды басқару, оған қажетті құжаттарды дайындау сынды түрлі тақырыптарда пікір алмасатын боламыз. Кез келген жұмыстың кірісі және шығысы болады. Оны қазіргі таңда тайм менеджмент деп атайды. Яғни, біз жұмыс барысында аса маңызды дүние – уақытты тиімді пайдалана білу керектін ұмытпағанымыз абзал», - дейді «Jas Otan» жастар қанаты төрағасы.

Сонымен қатар әлемнің басым бөлігі қолданатын жобалық стандарттар (PMBOK. Guide Project Management Institute, PMI) және жобалық басқарудағы дәлелдер мен деректер туралы кеңірек сөз болды.

«Қазақстан жастары конгресі» ЗТБ атқарушы директоры Нұрлан Өтешов «Жастар саясатының маңызды трендтері» тақырыбында өз тәжірибесін бөлісті. Спикер жастар саясатындағы әлемдік трендтерді уақытында игеріп, оны тәжірибеде қолданудың артықшылықтары жөнінде айтты.

«Bolashaq» Қауымдастығы жастар арасында ауқымды жоба бастап отыр. Бұл – жастар үшін аса маңызды. Жоба барысында жастар және ҮЕҰ арасында жаңа идеяларды дамытуға және жастар саясатындағы түрлі мәселереді талдауға тырысамыз», - дейді ол.

Әр өңірден келген жастар іс-шараға белсенді араласып, көкейкесті ойларын ортаға салды. Олар түрлі тақырыптарды талқылып, өздеріне қызықты сауалдарға жауап алды.

«Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан шара өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Барлық қатысушылар іс-шарадан өзіне қажетті мағұлматтар алды деп ойлаймын. Бүгінгі білген-түйгендерімізді алдағы уақытта өз тәжірибемізде қолданарымыз анық», - дейді «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мүшесі Нұрымжан Жұмағазиев.

Қатысушылар 20 тамыз күні Гарвард университеті түлектерімен кездесіп, өзара тәжірибе алмасады. Сондай-ақ 21 тамыз күні АҚШ жастар ұйымдары өкілдері қазақстандық жастармен тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстан-АҚШ жастары форумы өтеді.