04 нау, 2026 сағат 11:21

Жиналыстан кейін ауруханаға түсті: алматылық колледжде жанжал шықты

Фото: видеодан скриншот

Алматыда әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатқан оқиға қоғам назарын аудартты. Қалалық телекоммуникация және машина жасау колледжінің қызметкері басшылықпен болған жанжалдан кейін ауруханаға түскен, деп хабарлайды Ult.kz.

Бес айлық жүкті әйелдің сөзінше, ұжым жиналысы кезінде колледж директоры Ардақ Қожахметова әріптестерінің көзінше оған дауыс көтеріп, ауыр сөздер айтқан. Қызметкер мұны ар-намысына тиетін әрекет әрі психологиялық қысым деп бағалайды.

Оқиғадан соң әйелдің қан қысымы 150/100-ге дейін көтеріліп, жедел жәрдем шақырылған. Дәрігерлер оны бақылауға алып, жүктілікті сақтау мақсатында стационарға жатқызған. Алдын ала мәлімет бойынша, күйзеліс салдарынан мерзімінен бұрын босану қаупі туындаған.

Желіде тараған бейнежазбада директордың қатқыл үнмен сөйлегені естіледі. Кейін ол қызметкердің жүкті екенін «ұмытып кеткенін» айтқан. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір тудырды.

Қызметкердің айтуынша, сол күні ұжым директор кабинетіне әріптесін құттықтау үшін жиналған. Алайда басшы қызметкерлерге дауыс көтеріп, негізсіз айыптаулар айтқан.

«Ешбір заңды негізсіз көпшілік алдында кемсітіп, ар-намысыма тиетін сөздер айтты. Бейнежазбада айтылған айыптаулар шындыққа жанаспайды. Менің бес айлық жүкті екенімді директор жақсы біледі. Соған қарамастан психологиялық қысым көрсетіп, қорлады. Бұл менің еңбек ету құқығымды бұзу әрі жүкті әйелдерді қорғауға бағытталған заң нормаларына қайшы», – дейді ол.


Сондай-ақ ол мұндай жағдайдың бұған дейін де қайталанғанын жеткізді.

Қазіргі таңда ауруханаға түскен қызметкер мемлекеттік органдарға ресми шағым түсірген. Өтініш e-Otinish платформасы арқылы жолданған. Ол Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі мен қызметтік әдеп талаптары бұзылды деп есептейді.