30 қыр, 2020 сағат 13:20

Жинақтаушы зейнетақы салымшыларының инвестициялық табысы 872 млрд теңгеге жетті

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының жыл басынан бергі инвестициялық табысы 872 миллиард теңгені құрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2020 жылғы қаңтар-тамызда 1 440,9 млрд теңгеге немесе 13,3%-ға артып, 12 241,4 млрд теңге болды», – деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

2020 жылдың басынан бері таза инвестициялық кіріс 871,9 млрд теңгені құрады. Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны 11 млн-ға жетті.

2020 жылғы қаңтар-тамызда зейнетақы төлемдерінің сомасы 117,5 млрд теңге болды.

2020 жылғы 1 қыркүйекте БЖЗҚ-ның жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары және Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 43,5%-ы және 26,4%-ы) алады.