10 мам, 2023 сағат 15:41

Жигули Дайрабаевқа қарсы петиция жарияланды – Қошанов не дейді?

Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутат Жигули Дайрабаевтың төңірегіндегі даудан кейін жарияланған петицияға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жуырда мәжілісмен Дайрабаевтың мандатын қайтарып алуды талап еткен петиция жарияланды. Оған депутаттың жемқорлық үшін шартты түрде сотталған ұлдары мен жер дауы себеп болып отыр.

"Дайрабаевқа келетін болсақ, депутаттың тікелей өзіне қатысты заңды мәселе туындап тұрған жоқ. Балаларына қатысты мәселе бар. Енді ел алдында жүрген азамат болғандықтан, депутаттың балалары, туысқандары барлығы ашық кеңістікте ғой. Барлығын микроскоппен қарап отырады. Сондықтан әрбір шалт басқан қадамы жария болады", - дейді Қошанов Мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.

Спикер егер заңбұзушылық Жигули Дайрабаевтың тарапынан жасалса, ең алдымен "Ауыл" партиясы шешім қабылдауы керек деп есептейді.

Осы орайда журналистер Мәжілістің репутациясына зиян келмей ме деп сұрады.

"Зиян келтірмейді деп санаймын", - деп қысқа қайырды Қошанов.

Еске салсақ, сәуір айының басында Таразда Мәжілістің қазіргі депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдарына қатысты сот үкімі шықты. Дайрабаевтың ұлдары Дидар Молдахалық пен Марат Дайрабаев 550 млн теңге субсидияны ұрлады деп айыпталды. Екеуі шартты түрде 5 жылға сотталды.

Осыдан кейін депутат Жигули Дайрабаев балаларының кінәсі жоқ екенін және Мәжілістен кетпейтінін мәлімдеді.