07 сәу, 2023 сағат 14:35

Жигули Дайрабаев мандатын тапсырмайды - «Ауыл» фракциясы жауап берді

Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясы депутат Жигули Дайрабаев мандатын тапсырмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Мәжілісте тілшілер «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Анас Баққожаевтан партия мүшесі Жигули Дайрабаевтың істі болған ұлдарына қатысты сұрақ қойды.

«Аталған оқиғадан кейін депутат Жигули Дайрабаев мандатын тапсыра ма?» деп сұрады журналистер.

Өз кезегінде Баққожаев фракция мүшесі Дайрабаев депутаттық мандатын тапсырмайтынын айтты.

«Ол депутаттық мандатын тапсырмайды. Осы орайда фракцияның мәлімдемесін айтып отырмын. Біз оған ешқандай мін таға алмаймыз. Біріншіден, оның жеке басына қатысты аталған істе ештеңе айтылмаған. Екіншіден, оның балалары ересек азаматтар. Олар өз ісіне өздері жауап беруі керек. Олар ауыл шаруашылығымен біраздан бері айналысып келе жатыр. Тәуекелдің барын біледі. Өздерін қорғап, өздері жауапты болуы керек», - деді Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, кеше Тараз қаласының №2 соты алаяқтық жасады және ірі мөлшерде ақша жымқырды деп айыптап, үкім шығарған екі күдіктінің Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдары (Дидар Молдақалық пен Марат Дайрабаев - ред.) екені белгілі болды.

Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Ерлан Құлкеев, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Дидар Молдақалық және Марат Дайрабаев субсидия қағидаларын бұза отырып, «Альбион» құлпынай көшеттеріне мемлекеттен субсидия алған.

Оның бір бөлігі алаяқтық жолмен ұрланып, жеке қажеттілігіне жұмсалған. Мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде залал келді.