31 шіл, 2024 сағат 13:43

"Жігітім жоқ": Әбиба Әбужақынова қандай азаматқа тұрмысқа шығатынын айтты


Париж Олимпиадасында бесінші орын алған қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова қазір қандай күйде екенін, мансабын аяқтау туралы ойын және тұрмыс құруға қатысты жоспарын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агентігіне сілтеме жасап.

Әбиба Әбужақынова Олимпиадада қола жүлде үшін белдесуде швециялық Тара Бабулфаттан жеңіліп, 5-орынға табан тіреген еді. Қазақстандық спортшы қазір қандай күйде екенін айтты.

"Уақыттың жазбайтын жарасы жоқ" деп жатушы еді ғой. Әрең дегенде өз-өзіме келіп қалдым. Десе де ішімді әлі де өкініш оты жандырып, күйдіріп тұр. Бірақ қайдан, қалай жығылдым, сол жерден қайта солай тұруға серт еттім өзіме", - деді Әбиба.


Қазақстандық дзюдошы Парижде жүлдегер атанса, мансабын аяқтауды ойлағанын мәлімдеді.

"Дзюдодан қазақ қыздары арасында мен тұңғыш рет әлем чемпионатының жүлдегері атандым. Олимпиада ойындарында да тура солай алғашқы қазақ қызы болғым келген. Өкінішке қарай Парижде ол мүмкіндік ұстатпай кетті. Бірақ бәрі бір сол арманға, сол мақсатқа қол жеткізбей тоқтамаймын деп бел буып отырмын. Лос-Анджелестің ауылы да алыс емес. Әне-міне дегенше олда келіп қалады", - деді Әбиба.


Сондай-ақ Әбужақынова тұрмыс құруға қатысты жоспарын да айтты.

"Негізі осы Олимпиадада сол арманым орындалғанда міндетті түрде болашақ жарымды тауып, тұрмысқа шығып, бесігімді тербетіп үйде отырғым келген. Осы жолы жеңіліп қалғаннан кейін ол ойымнан айнып қалдым. Қазір жігітім де жоқ. Егер мені түсініп, 2028 жылғы Олимпиадаға дейін күтемін деген азамат болса, тұрмысқа шығуға дайынмын", - деді қазақстандық спортшы.