Жақын қарым-қатынас кезінде жезөкшені қылғындырып өлтірген 19 жастағы теміртаулық 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның ісі қайта қаралды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қарағанды облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жақын қарым-қатынас кезінде жезөкшені өлтіріп, одан ақша мен алтын бұйымын ұрлап кеткен теміртаулыққа қатысты қылмыстық іс қайта қаралды. Сот талқылауына алқабилер қатысты. Олар айыптау үкімін шығарды.
Сотта айыпталушы жәбірленушіні пайдакүнемдік мақсатта өлтіріп, кейін берген ақшасын, ұялы телефоны мен алтын бұйымдарын ұрлағаны анықталды.
"Сотталушы алқабилер үкімімен "пайдакүнемдік ниетпен кісі өлтіргені" және "ұрлық" жасағаны үшін кінәлі деп танылды (ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 8-тармағы, 188 бабы 1-бөлігі). Оған ең жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеу және 19 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленуші тарап пайдасына моральдық зиян келтіргені үшін 10 миллион теңге өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ", - деп хабарлады Қарағанды облыстық сот баспасөз қызметі өкілдері.
Айта кетейік, сотталған адамға қатысты қылмыстық іс өткен жылы Қарағанды облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған.
Ол кезде алқабилер соты айыпталушы жәбірленушіні абайсызда өлтірген деген болжамға келген. Нәтижесінде оған 1,6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Алайда 2021 жылдың қаңтарында прокуратура бірінші үкімге шағымданып, Қарағанды облыстық соты қылмыстық істі жаңа қаралымға жіберді. Бұрынғы үкім күшін жойды.
1622 рет оқылды