Жезқазған қаласының маңында орналасқан қыстаққа белгісіз екі еркек келіп, үй иелерін ұрып тастаған. Полицейлер қаскүнемдерді ұстады. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары ұрып-соғу себебін анықтап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
11 қыркүйекте Қарағанды облысы Жезқазған қаласының ПБ-на қала маңында орналасқан қыстаққа белгісіз тұлғалар шабуыл жасағаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барған. Белгілі болғандай, шамамен таңғы 7.30-да қыстаққа күтпеген жерден екі белгісіз адам келген.
Бұзақылық ниетпен олар 52 жастағы ер адам мен оның 23 жастағы ұлын ұрып-соғып, содан кейін қашып кеткен.
Түрлі жарақат алған зардап шеккендердің бірі Жезқазған қаласының медициналық мекемесіне жатқызылды. Полицейлер қаскүнемдердің УАЗ автокөлігімен жүргенін анықтаған.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 32 және 35 жастағы екі ер адамды ұстады. Күдіктілер кәнісін мойындады. ҚР ҚК 107-бабы «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қаскүнемдер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД.