01 қар, 2016 сағат 10:14

Жетесовтер жетістігі

Президент Жарлығымен Қазақ­станда қыркүйек айының екінші жек­сенбісі «Отбасы күні» болып белгі­ленді. Осыған байланысты С.Бәйішев атын­дағы Ақтөбе облыстық әмбе­бап ғылыми кітапханасының ұйымдас­тыруымен қаламыздағы көп балалы және өнерлі отбасылардың бірі – Же­те­совтердің қатысуымен «Жан жылуын балаларына арнаған» атты бенефис-сұхбат өткізілді.

Шараның мақсаты, оқырман қа­уым­ға отбасы күні туралы мәлі­мет беру. Баланы кішкентай кездерінен музыкаға баулып жүр­ген өнерлі Же­тесовтер әулетінің шы­ғар­ма­шы­лығын насихаттау. Сондай-ақ, жастарды отансүйгіштікке, адам­гер­шілікке, ата-ананы құрметтеуге және қадірлей білуге баулу.

Бенефис-сұхбатқа мәдениет сала­сының қызметкерлері, қаламыздағы жоғары және арнаулы орта оқу орын­дарының оқытушылары мен студент­тері, «Нұр Отан» партиясының облыс­тық филиалының өкілдері, №35,37 және Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің мұғалімдері, облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» га­зеттерінің өкілдері қатысты.

Шара барысында «Шаттығымен шуақ шашқан шаңырақ» тақырыбында слайд көрсетілді.

Жалпы, Ақтөбе өңіріне ғана емес, республикаға танымал, «Әйел ба­қыты», «Айтуға оңай» телебағ­дар­ламаларына қатысып, халыққа өнегелі өмірі мен өнерлері арқылы танылып жүрген Жетесовтер өздерінің әулеті жайында «Берекелі отбасы» тақырыбында әңгімелеп берді. Үлкен әулеттің отағасы, «Шашу» халықтық ансамблінің жетекшісі Өмірхан Нариманұлы: «Қазіргі таңда жеке шығармашылықпен айналысамын және өзім жастайымнан жетімдік көрдім, жүрегі жұмсақ, жаны жайдары Аманкүлдей жанға жолықтырған өмірге ризамын, болашақта осы ұл-қыздарымды үлкен сахнада көрсем деп армандаймын», – деді.

Кештің алғы сөзін алған Ақтөбе облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бас маманы Г.Маханова: «14 бала тәрбиелеп, оларды өнерге баулып, ансамбль ұйымдастырып халық алдына шығаруларыңыздың өзі – отбасылық құндылық деуге болады», – деп ризашылығын білдірді.

Шараның жалғасы «Шашу» ха­лықтық ансамблінің орындауында «Әттең, тонның келтесі-ай», «Өз елім», «Ақтамақ» әндері мен «Шал­қы­­­ма» күйі, «Махамбеттің термесі» секіл­­ді әдемі әуендерге ұласып, көрер­­­мен қауым балалардың өнерін тама­­шалады.

Өнер жолына қанат қаққан осы отбасының үлкен балаларының бірі 21 жастағы Айгүл колледжде оқыса, одан кейінгілері мектеп жасындағылары қазіргі таңда Қазанғап атындағы өнер мектебінің баян және қобыз класының оқушылары. Ең кішкентайы Әлихан 4 жаста.

«Жетесовтер әулетінің басты ерекшелігі – өмірде де, өнерде де бірге жүріп, балаларын тәрбиелеп, халықтың көзайымына айналғаны. Балалардың болашақта ата-ананың үмітін ақтар, елін сүйер саналы азамат болуларына сенім білдіремін», – деп, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Несібелі Сағымбайқызы кеш қонақтарына рахметін айтып, естелік сыйлықтар тарту етіп, алғыс хатпен марапаттады.

Ақерке САҒИДОЛЛАҚЫЗЫ

АҚТӨБЕ