25 нау, 2021 сағат 09:10

Жердің атадан балаға мұра болуын қамтамасыз ету керек – Жигули Дайрабаев

Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев жер реформалары жөнінде ұсынымдарын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 25 ақпанында бес жылға созылған жер дауына нүкте қойғанын тарихи жетістік деп айтар едім. Себебі, жер жекеменшікте болуы керек деген нарықтық экономиканың қитұрқы шарттарына бағынбайтын, жерді сатуды ананы сатумен тең көретін арлы ел екенімізді дәлелдей білдік. Президентімізге осындай батыл шешім қабылдағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Ендігі кезекте жер реформаларынан туындайтын өзгерістер мен толықтырулардың тек қана халық мүддесіне бағытталуын қамтамасыз етуіміз қажет», - деді Ж. Дайрабаев Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында. 

Ол үшін спикер комиссия жұмысының күн тәртібіне бес мәселені енгізуді сұрады. 

«Бірінші, жердің Қазақстан азаматтары үшін 49 жылға жалға берілуін шегеру қажет. Онымен қоса, жалға алу құқығын сақтай отырып, жердің атадан балаға мұра болып қалуын қамтамасыз еткен жөн. 49 жыл пайдалану құқығы біткен соң, сол жер пайдаланушы немесе оның ұрпағы әрі қарай пайдалануға алу үшін басым құқыққа ие болуы керек. Ол үшін Жер кодексінің 37 және 97 баптарын түбегейлі қарастыруды сұраймыз. Енді жерге байланысты дау тартыстың келешекте көтерілмеуін тереңірек ойлауымыз қажет, яғни, жер тек өз азаматтарымызға жалға берілуі керек. Олай болмайынша, әр уақытта халық пен билік арасындағы түсіністік пен сенімге сызат түсу қайталана берілуі, және ол ұлғаймаса, азаймауы мүмкін. 

Айта кетейік, бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысы жұмысын бастады. Санитарлық нормаларды сақтау қажеттілігіне байланысты комиссия жұмысы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында және Facebook парақшасында онлайн көрсетілуде.