12 қаз, 2016 сағат 10:20

Жерді сүйсек, оны ісімізбен дәлелдейік

Биылғы көктемде еліміздің кейбір өңірлерінде жер реформасына қатысты жаппай бұқаралық қарсылық акциялары өткені мәлім. Шеруге шыққандар жерді шетелдіктерге жалға беруге ниеттенген билікті «қытайларға әдейі бүйрегін бұрды» деп айыптады. Көп ұзамай «Жерді сату – елді сату», «Жерден айрылсақ - қытайлардың құлына айналамыз» деп жалған сөздермен ұрандағандардың қоғамдағы тыныштықты шайқалтуға ұмтылған біреудің қолшоқпары болғаны әшкереленді. Оның кім екенін ішіңіз сезіп отырған шығар. Алайда айтпақ әңгімеміз ол туралы емес. Жерді жалға берудің әлемдік тәжірибесі туралы.

Дұрыстап қарасақ, шетелдіктерге (соның ішінде қытайлар да бар) ауыл шаруашылығында пайдаланатын жерлерді жалға берген елдер көптеп саналады. Айтарлығы, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай тәсіл тек қауіпсіз болып қана қоймай, жерін жалға берген ел игілігі үшін тиімділігін дәлелдеуде. Бұл жерде әлемнің дамыған елдерінің бірі АҚШ-ты айқын мысалға алуға болады. Құрама Штаттардағы ауыл шаруашылығындағы жерлердің 42,8 пайызы шетелдіктерге жалға берілген. Шетелдіктердің көпшілігі – қытайлар. Жалға аларда қойылатын негізгі шарт – шетел азаматы тек өзінің төлем қабілетін растаса болғаны. Жалға алу мерзімі шартқа тәуелді, негізінен көпжылдық келісімнің үлесі көп. Жалға алу ақысының мөлшерлемесі нарық заңымен белгіленеді. Айта кетелік, 1978 жылы АҚШ-та ауыл шаруашылығына шетелдік ақша салымын енгізу туралы акті қабылданған соң, шетел азаматтары әртүрлі штаттардан жер ала бастады. Алайда елдегі 50 штаттың 17-де жерді жалдайтын шетелдіктер үшін шектеулер бар. Жерді ұзақ уақыт жалдағандар кейіннен сатып алу құқын иеленеді.

Қытай диқандарына көп жерін жалға берген елдердің бірі – Австралия. Олар негізінен бұрын ешқашан игерілмеген, құр иесіз жатқан жерлерді берген. Қазір «алтыншы құрлықта» ауыл шаруашылығы дақылдарының көптеген түрлері жайқалып өсіп тұр. Мемлекеттің заңнамалық нормаларын қатаң сақтауға қытайлық диқандардың өзі тікелей мүдделі. Әйтпесе кез-келген заң бұзушылық әрекеті үшін елден қуылады. Ал жерге салынған инвестициялардың 15-20 жылда ғана қайтарымы болатыны белгілі. Айтарлығы, жергілікті тұрғындар әуелде қытайларға жерді жалға беруге қарсылық білдірген. Бірақ қытайлар олардың көңіліндегі күдігін сейілтіп қана қоймай, Австралияның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлесін қосуда.

Сонымен қоса, қытай фермерлері Тәжікстанда, Украинада, Ресейде, Германияда, Италияда, Канадада және т.б. елдерде, Африка құрлығында да «жерді еміп», жұмыс істейді. Тәжікстан Үкіметі 2011 жылы ауыл шаруашылығындағы жерлерді қытай фермерлеріне жалға беру туралы шешім қабылдады. Соның нәтижесінде елдің оңтүстігіндегі төрт ауданның 15 мың гектар жері 49 жылға жалға берілді. Мұндай қадамның сәтті болғанын уақыт көрсетіп берді. Біріншіден, жердің өнімділігі бірнеше есеге артты. Екіншіден, қытайлық инвестициялар дағдарыс кезеңінде жергілікті экономикаға демеу болуда.  Украина да Қытаймен 3 млн. гектар ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру туралы шартқа қол қойды. Ауданына қарай бөлсек, бұл Украинадағы барлық жерлердің 5 пайызын, шабындық жерлердің 9 пайызын құрайды.

 Ресей Үкіметі де Қиыр Шығыстағы 300 мыңға жуық гектар жерін қытайларға жалға берді. Айтарлығы, ол жергілікті халық ешқашан өңдемеген, тіпті пайдалануға жарамсыз жерлер көрінеді. Қытайлар қазір онда жемшөп және астық дақылдарын өсірумен қатар, мал және құс шаруашылығын дамытуда. Қытайлардың бұрын жарамсыз деп саналған жерлерде түрлі дақылдар өсіріп, жақсы өнім алуы ресейлік тұрғындардың жағымсыз көзқарасын туғызғаны да рас. Соған қарамастан, ел билігі қытайлық инвестициялардың агроөнеркәсіптік кешенді өркендетуге игі ықпалын тигізетініне сенімді.

Шетелдерде жерді жалға алатын қытайлар ғана деп ойламау керек. Мысалы, қазір Германия мен Францияда негізінен араб мемлекеттерінің (БАӘ, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Кувейт және т.б.) фермерлері басымдыққа ие. Қазіргі кезде үнділік, оңтүстік кореялық, қытайлық жер жалдаушылар Оңтүстік-Шығыс Азияға, Африка мен Оңтүстік Америкаға инвестиция салуда. Себебі жер шары халқының саны өскен сайын, табиғи ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс та артуда. Соның әсерінен жыл сайын әлемдегі ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерлердің ауданы қысқарып келеді.

Атап айтарлығы, көп елдерде жерді басқа мақсатқа пайдалануға қатаң тыйым салынады. Германияда ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшік құқығымен отбасылық фермаларға берудің үздік тәжірибесі бар. Бірақ ауыл шаруашылығындағы жерлерді басқа мақсатқа пайдалануға заңмен қатаң тыйым салынады. Голландияда елдегі барлық жерлердің 30 пайызы жалға берілген. Мемлекеттік органдар шартты бірнеше рет ұзарту арқылы белсенді түрде рұқсат қағаздарын таратады. Францияда жердің іс жүзінде қалай пайдаланылғанына көңіл бөлінеді. Жалға алуда тіркеу рәсімі күрделі болғанымен, заң шетелдіктерге тыйым салмайды. Данияда да кез-келген шетел азаматына жерді жалға алуға кедергі жоқ. Егер ол жерде шаруашылық құратын болса, жалға алу мерзімі 30 жылға белгіленеді.

Жердің жекеменшік және мемлекеттік формасы Бельгияда, Швецияда, Италияда және Ресейде бар. Бельгияда жалға беру қатынастарын реттеу шеңберінде мемлекет латифундистермен және жерлерді мақсатсыз, тиімсіз пайдалануға қарсы күреседі. Аграрлық сектордың заттық құқының негізгі формасы жекеменшік болып табылады. Швецияда жердің 43 пайызы немесе 19 млн. гектардан астамы жекеменшіктің қолына берілген. Италияда жерді жалға берудің өте қатал формасы қолданылады. Мысалы, жерді тиімді пайдалану үшін итальян билігі оның өнімділігін арттыра алмаған жергілікті тұрғындардан күшпен тартып алып, тиімді басқарушыларға жалға береді.

Енді мақаламыздың басындағы қарсылық акцияларына қайтып оралайық. Не себептен жер реформасына қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістер біздің қоғамда қолдау таппады? Менің ойымша, бұған жер реформасы бойынша дұрыс түсіндіру жұмыстарының жүргізілмегені себеп болды. Екінші себеп – атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян секілді жекелеген азғырушылар оңтайлы сәтті қара басының мүддесіне, ашкөздігіне пайдаланды. Соның нәтижесінде қоғамдағы және елдегі тыныштыққа қастандық жасауға ұмтылды. Сол оқиғадан кейін 4 ай өткенде, біз патриотизм, жерді сүю деген жалған ұрандардың артында дүниеқорлық, ашкөздік пиғыл жатқанын көріп отырмыз. Әрине, ұлан-ғайыр жеріміз бар. Бірақ оны жеке бастың ашкөздігі үшін құрбан қылуға бола ма? Жоқ. Керісінше, жерді шынайы сүйетін болсақ, оны іспен дәлелдейік. Сол жерге өнім өсірейік, оны баптап-күтейік. Келер ұрпаққа өнімді, сапалы күйінде қалдырайық.

Жер тақырыбын несіне қозғап отырсың деп бәзбіреулер мені сөгуі мүмкін. Мемлекет басшысы Н. Назарбаев жерді жалға беруге 2021 жылға дейін мораторий жариялады. Осыған орай көзі қарақты оқырманның назарына мына ақпаратты тағы бір рет ұсынғым келеді: қазір Қазақстанда жерді жалға алған 12 шетел азаматы бар. Олар 31,3 мың гектар жерді жалға алып, кәдесіне жаратуда. Еліміз бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланатын 100 млн. 835 мың 400 гектар жер барын ескерсек, яғни, шетелдіктерге бар-жоғы 0,03 пайыз гектар жер жалға берілген. Сол себептен «көп жерімізді қытайларға беріп қойдық» деп уайым жеудің қажеті жоқ.