Сыбағадан құр қалған қамсыз жатып
Жұрт оңа ма бұл күнде арды сатып?!
Жер сатылып егерде кете берсе,
Ертең бізді ұрмай ма қарғыс атып!
Рафаэль Ниязбеков
Жердің саудаға түсуі, ана тіліміздің кенже қалуы, тарихымыздың бұрмалануы бұл – қазақ халқына, қазақ елінің егемендігіне, жалпы Қазақстанға төнген нәубет!
Жер-ана – бабаларымыздың көз жасы тамған, қаны сіңген, терін төккен киелі мекен. Бұл Ұлы Дала – тарихта мәңгі өшпестей із қалдырып кеткен бабаларымыздың бізге қалдырған аманаты, асыл мұрасы! Сондықтан біз олардың аманатына адал болып, осынау атамекеннің бір уыс топырағын, бір түйір тасы мен бір тамшы суын қастерлеп, жер-анамызды сақтай да, қорғай да алуға міндеттіміз! Жер – Анамыз, Отанымыз! Анасын, Отанын қандай құдайдан безген безбүйрек саудаға салады? Бұл – қылмыс, бабалардың аманатына жасалынған теңдесі жоқ қиянат! Аймалап, мәпелеп өсірген ата-анасын, далаға лақтырып тастағаннан да ауыр қылмыс! Бұл дала – тоқмейлісіген, көзінің қарашығының орнында доллардың таңбасы жылтыраған, елдік деген қасиеттен жұрдай, сезіміне мұз қатқан, жалмаудан басқаны білмейтін, қанаудан өзгені көрмейтін қаптаған шенді-шекпенділердің жекеменшік жері емес! Дархан дала – ең әуелі осы қара шаңырақтың иесі – қазақ халқының құтты мекені.
Суармалы құнарлы жерлерді шет ел азаматтары былай тұрсын, өз еліміздің шенді-шекпенділеріне де сатуға болмайды, жер ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жүрген шағын және орта бизнес өкілдеріне келісім шарт бойынша жалға берілгені жөн. Егер қалталы азаматтар жерді сатып алатын болса, онда олар сол жерді бөлшектеп бірін жалға беріп, енді бір бөлігін жеке адамдарға там-тас салу үшін бір соттық жерді мың доллардан саудалап жібереді немесе жайылым жерлерді айналдыра тереңдігі екі метр ор қазып қоршап алып, қара халықтың мал жайылымын тартып алып сорлатады. Бұған дәлел 2016 жылдың мамыр айында теледидардан берілген хабарда, бір манаптың пәленбай мың гектар жерді айналдыра ор қазып қоршап алып, халықты улыған-шулыған етіп аузын шығысқа қаратып кеткенін көрген шығарсыздар, бұл тек алғашқы бастамасы. Екінші бір мысал: бұрын Шымкент қаласындағы әуежайдың айналасы түгел егістік болатын, сол суармалы жерлерде көкөніс өнімдері өсіріліп, бау-бақшадан жеміс-жидек терілетін. Бір кездері сол жерді таласып жүріп бір әкімнің туысы тиын-тебенге жекешелендіріп алыпты деген сыбыс шыққан. Қазір сол жерлер 7 соттығы 10-20 мың доллардан үй-жай салу үшін қара халыққа делдалдар арқылы сатылып жатыр, жердің шын егесін табу – қиынның қиыны. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады, бірақ ол кімге қажет?! Дәл бүгінгі күнге дейін Қазақстанның қаншама жері сатылып, қолды болып кеткені бір Аллаға ғана аян. Сондықтан жердің саудаға түсуі – мемлекетке пайда әкелу емес, керісінше қулығы мен сұмдығының шет, шегі жоқ шенеуніктердің, парақорлардың «қарнын» қампайту деген сөз. Мұндай әрекет ешкімді, ешуақытта жақсылыққа апарған емес, апармайды да.
Қазіргі кезде біздің Қазақстанда пайда болған қалталы азаматтардың, бай- манаптардың, шенді-шекпенділердің шетелдерде сатып алған зәулім сарайлары, шетел банкілерінде елден, құзырлы орындардан, ел басынан жасырып тыққан 340 миллиард доллары бар екендігі айтылуда. Оған қоса мәнәйі себептермен басына кездейсоқ қатер төне қалса, қашып барып тығылу үшін өзге елдің азаматтығын алып та қойған осындай адамдарды Қазақ елінің азаматы һәм патриоты деп айтуға бола ма? Міне, мәселе қайда жатыр?! Енді сол екі немесе үш шет мемлекеттің азаматтығының иесі болып алған адамдарға қазақ жерін сеніп беруге бола ма? Ондай қулық пен сұмдықтың шегіне жеткен шекпенділерге, он екі омыртқалы әждаһа кейпіндегі алпауыттарға, құдайдан қорықпайтын, бабалар өсиетін білмейтін тоң мойын шонжарларға жерді сатқанша, елдің азаматына жалға берген абзал дегім келеді. Қазақ халқын сорлатып жатқан ипотеканың орнына, елге үй-жай салатын тегін жер берілсін, оған арнайы қаржы бөлінсін. Жастар, жалғыз басты аналар, жетім балалар, кемтар адамдар ел қатарлы өмір сүруге мүмкіндік алсын. Еліміздегі барлық жылжымайтын нысандар: стадиондар, театрлар, қазақ елінің мақтанышы болған түрлі қорықтар, саяжайлар, демалыс орындары т.с.с. түгел қалталы азаматтардың шонтанайына түсіп кетіп жатқан кезде көрі мен төрі бірдей жерде өмір сүріп отырған қара қазақ қайда барады, қайда барып күн көреді? Тірі жан таңғаларлықтай жері бай еліміздің бар байлығын қолды қылып, Қазақ халқының жерін сатып, бюджетке теңге қосып, оны елдің игілігіне жаратамыз деу – ел билеген азаматтардың атына сын! Осы да адам иланатын пікір ме?! Меніңше, бұл да елді қанаудың, халықты тақырға отырғызудың, шенеуніктер ойлап тапқан жоспарлы құйтырқы саясаттың, зобалаң тудыратын тарауларының бір түрі деп білем. Кеңес өкіметі кезінде халықты теңестіреміз деп елді бір қанаса, Егеменді еліміздің шенеуніктері, дүниені жекешелендіреміз деп халықты одан әрі қанады, әлі де қанауда. Жерді сатпай-ақ, саудаға салмай-ақ, біздегі қаптаған миллиардердің (егер нағыз потриот болса) біреуі-ақ бүкіл Қазақстан халқын тоқыраудан алып шығар еді. Немесе Қазақстан байлығын тонап қашқан миллиардерлердің, бәрін айтпаған да Храпунов пен әйелі Ләйлә екеуінің ғана дүниесін елімізге қайтарса, Қазақстандағы баспанасыз адамдар түгелдей үйлі болар еді деп ойлаймын. Немесе жоғарыда айтылған 340 миллиард долларды 17 миллион қазақ еліне бөліп берсе, әрбір адам басына шаққанда 20 мың доллардан келеді екен. Міне, тоқыраудың негізі қайда жатыр?! Егерде біз таза егеменді ел болатын болсақ, Қазақстанда тоқырау деген тіптен болуы тиісті емес.
Қазақстаннның үкіметі шетелдерге 145 миллиард доллар қарыз, бұл көрсеткішті 17 миллион халыққа бөлсек, 8,5 мың доллардан келеді екен. Сонда біздің әрбір азаматымыздың мойнында 8,5 мың доллар қарызы бар деген сөз.
«Егемен Қазақстан» газетінің 4 мамыр 2016 жылғы №84 санында жарияланған академик Кенжеғали Сағадиевтың мақаласын оқып шықтым. Ол кісі: «Ұлы Дала – ғасырлар бойы ұрпақ өсірген кең-байтақ қазақ жері. Халқымыз оның қадір-қасиетін жақсы түсініп, жоғары бағалаған. Ол тек қана біз емген жер емшегі емес, ол біздің Отанымыз, көне заманнан бері ұрпақ өсірген ата-бабаның мекені. Қай заманда болса да қазақ халқы өз жерін қасық қаны қалғанша қорғай білген»,–деп жазыпты. Қандай тамаша теңеу! Адамның жүрегін тебірентіп, толғандыратын жалынды да өнегелі сөздер. Одан әрі академик мырза АҚШ-ты Израилді, Германияны мысалға келтіре отырып: «Біздің жеріміз көп, ол текке жатпай тіпті, шетелдіктерге айтылған мерзімге жалға беріліп, ол ел игілігіне жұмыс істесе бұны неге қолдамасқа?!»,– деп, ой-түйін жасапты. Академик мырзаның ата-бабасының қанын төгіп, жанын беріп қорғап қалған жерін теп-тегін шетелге бере салғысы келетініне қайранмын! Қандай «жомарттық!» Бабалардың аманатына қиянат жасаймын деп қорықпайтын, үрйкпейтін қандай адам?! «Жеріміз көп қой, бере салайық», – деп, дәл бір итке сүйек тастағандай пәтуасыз сөз айтады. Академик мырзаға біздің Қазақ халқының менталитетіне, діни көзқарасына мың қайнаса сорпасы қосылмайтын, жердің арғы бетіндегі АҚШ-ты, Израилді, Германияны мысалға келтіргенше, неге көршілес Өзбекстанды, Қырғызстанды, тіпті алпауыт мемлекеттер Ресей мен Украинаның алақандай жер үшін қан төгіп қырқысып жатқанын тілге тиек етпеске?! Израилдің қазіргі орналасқан жері Палистина елінің жөйттерге жалға берген жері болатын. Енді міне нешеме жылдар бойы екі мемлекет болып қырғи-қабақ соғысуда. Бұл жағын қалай ескермеген?! Қазір 40-50 жылға шетелдіктерге, әсіресе қытайға жалға жер беру – сол жерді құрдымға жіберу деген сөз. 40-50 жылдан кейін шегіртке жейтін қытайдан жеріңді қайтарып алмақ түгілі, қазақ не құрып тынады, болмаса түгел қытайланып кетеді. Егер жер қайтарғыш баһадүр табылса, мәнәйі себептермен зобалаң туған кезде айырылып қалған шежірелі Өр Алтайымызды Ресейден, мәуелі Ташкентімізді Өзбекстаннан қайтарып берсін.
Өткенде теледидардан Беларус президенті Лукашенконың үлкен жиында сөйлеп тұрғанын көрсетті. Беларусияда да жер сатылу мәселесі күн тәртібіне қойылса керек, сонда президент Лукашенко бір ауыз сөзбен: «Чево вы добиваетесь, хотите чтобы народ голодал и стал нищим? Этому небывать!», – деді де: «Вот вам»,– деп, күрзідей жұдырығын жоғары көрсете көтеріп, мінбенің бетін бірақ ұрды. Мына кереметті көріп отырып «жарайсың, жарадың, президент Лукашенко!» деп айқай салып орнымнан атып тұрдым...
Қашанда ел бүтіндігі, берекелі тіршілігі сынға түссе, бірінші болып қайғы жұтып, күңіренетін қарттар емес пе? Сөзімнің соңын соларға арнағым келіп отыр:
Арысы – абыз, ғалым, берісі – бір-бір елдің берекесіне, қазынасына айналған қазағымның ақсақал қариялары! Болашағың құрдымға кетіп, тұңғиық орға құлап бара жатсаң да бейғам жүре бересің бе?! Халық ұйыққа түсіп, тұйыққа тірелді. Аштықты да көрдің, Голощекин мен Ежовтың қанды шеңгелінен де құтылғансың. Алапат соғыста толарсақтан қан кешіп жүріп, жауды жеңіп, одан да аман оралғансың. Енді міне, ел аман, жұрт тыныш кезде, Отаныңды, шежірелі жеріңді менменсінген шонжарлар бөлшектеп, саудаға салып жатқанда үн-түнсіз жатқандарың қалай? "Отан үшін жан пида","Жаным арымның садағасы" деген еліміздің жау жүрек азаматтары, неге аттан салмай, тасада бұғып жатырсыңдар? Әлде қартайып, серттен тайып, ұрпағыңның келешегі, еліңнің болашағы, Отаныңның бүтіндігі қызықтырмайтын дәрежеге жеттіңдер ме? Болмаса бар елдің қариясы бірігіп, Елбасына хат жолдап жер сатылуына түбегейлі қарсы екендеріңді неге айтып жеткізбеске?! Көнекөз ел ақсақалдарының сөзі ескерусіз қалуы мүмкін емес!
"Күштінің аты диірмен тартады" немесе "Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін" деген пікірді түбегейлі жоятын кез келді! Жаратушымыздан «О, АЛЛА, елімізді мансапқорлардан, пәреқорлардан, екі жүзді әкімдерден, жағымпаз министірлерден, су жұқпас банкирлерден сақтай гөр, елімізге амандық, жерімізге тыныштық бере гөр!», - деп тілейік. Амин!
Абсамат Сегізбаев, зейнеткер-ұстаз.
ОҚО, Созақ ауданы, Қыземшек кенті.
Ұлт порталы