25 нау, 2021 сағат 10:39

Жер реформасы жөніндегі комиссия әр сенбі сайын отырыс өткізеді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысын қорытындылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Көтерілген сұрақтардың бәрі маңызды. Сондықтан аптасына бір рет жиналуға ұсыныс беремін. Бәріңіз жұмыстағы азаматсыздар ғой, сенбі күні таңғы 10-да жиналып отыруға қарсы емессіздер ме? Айтқан ойларыңызға толық қосыламын және алғыс айтамын. Бүгін 60 шақты ұсыныс түсті, бәрін жазып алдық. Іштеріңізде де талай сұрақ бар екені белгілі, оның бәрін алдағы отырыстарда бірге талқылаймыз. Бүгін де сегіз мемлекеттік органның өкілдері арнайы шақырылды, оларды күнделікті жұмыс істейтін топ деп қабылдаймыз. Берілген ұсыныстардың бәрін талдап, 3-4 топқа бөліп шығарсақ, әрбір топ келесі сенбіге дейін нақты жұмыс істейді», - деді спикер. 

Айта кетейік, бүгін Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Санитарлық нормаларды сақтау қажеттілігіне байланысты комиссия жұмысы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтында және Facebook парақшасында онлайн көрсетілді.