25 нау, 2021 сағат 09:42

Жер кадастры ашық болуы керек - Мұхтар Тайжан

Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан ауылдағы жайылым және шабынлдық жерлер бойынша проблеманы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жер кадастры ашық болуы керек. Жер кімнің қолында, кім игеріп жатыр, кім пайдаланып отыр? Мұндай ақпарат халықтың баршасына айқын болғаны жөн. Менің кейбір қарсыластарым бұл талап жеке мәлімет туралы заңнамаға қайшы екенін алға тартып отыр. Олай емес, себебі жердің ауыл шаруашылығына арналған 99 пайызы мемлекеттің меншігі. Сондықтан бұл тұрғыда ешқандай жеке мәлімет туралы заңға қайшы емес», - деп тоқталды Тайжан. 

Сонымен қатар ол халықтың жартысы ауылда тұрып жатқанын, бұл елді мекендерде жайылым әрі шабындық, егістік жер тапшы екенін, бұл алқаптар бір қолда шоғырланғанын айтты. 

«Бұрынғы пай жүйесін пайдаланып, құйтырқы жолмен ауыл тұрғындарын жерсіз қалдырды. Қазір мемлекет, Үкімет осы қателікті түзету керек деп есептеймін. Сондықтан ауылдың маңайындағы жерге қатысты біржақты келісімшарттарды үзілді-кесілді мерзімінен бұрын бұзуымыз керек. Әр ауылдың аумағында жерлер осы елді мекен тұрғындарына тиесілі болуы тиіс, яғни қоғамдық жайылым, қоғамдық егістік, қоғамдық шабындық деген қалыптасқаны жөн», - деді қоғам қайраткері.