Жер алу процестерін жеңілдететін бірыңғай электрондық карта жасалады, деп мәлімдеді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» КЕАҚ Басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов.
«Елімізде жер алу мәселесі қиын. Неге? Ол қағаз күйінде болғандықтан қиындап кетті. Адамдар арыз жазады, келісім алу үшін 12-ден аса орталыққа жолданады. Ал, бұл процестердің барлығы бірыңғай электрондық карта арқылы жүзеге асатын болса, бұрынғыдай 12 орталықтың келісімі қажет болмай қалады. Өйткені бірыңғай электрондық картада жер туралы барлық мәліметтер көрсетіледі», – деді А. Оспанов.
Оның айтуынша, заңсыз жер алушылар мен заңсыз құрылыспен айналысатындар да цифрландыру процесінің аясында азаятын болады.
«Ұшқышсыз аппараттар және дрондар мониторинг жасап, жер телімдерін бақылап отырады. Осылайша, біз заң бұзушылықтарды цифрлық технологиялардың көмегімен анықтай аламыз», – деп түйіндеді «Азаматтарға арналған үкімет» мемелекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы.
Естеріңізге сала кетелік, ХҚКО 2007 жылы төрешілдік пен әкімшілік кедергілерді жою мақсатында қазақстандықтарға бір терезе қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету үшін құрылды. Барлығы үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, түрлі органдардың құжаттарын дайындау жөніндегі қызметтерді бір жерде алу мүмкіндігін жасау, сондай-ақ құжаттарды орындаушы мен азаматтардың арасында тікелей байланысты болдырмау ХҚКО ның басты оң қасиеттеріне айналды. Елбасы тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан «бір терезе» жобасының тиімділігі толық дәлелденіп отыр.
Сонымен қатар бүгінде ХҚКО арқылы ақылы қызметтер көрсету жұмысы қарқынды жүруде. Алдағы уақытта да бұл қызметті барлық тұтынушылар пайдалана отырып уақыт үнемдеп тез арада құжаттарын дайындатып алуына болады. Қызмет жеке және заңды тұлғаларға көрсетіледі.ХҚКО әрі қарай да халыққа жемісті еңбек ете бермек.