01 сәу, 2020 сағат 11:52

Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерге ақшалай көмек қандай мөлшерде болады?

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне Жеңіс күні қарсаңында берілетін біржолғы ақшалай көмекті біркелкі мөлшерде бөлуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, оларға теңістірілген адамдарға және тыл еңбеккерлеріне біржолғы ақшалай көмек көрсетеді. Ардагерлермен кездесулер барысында олар әр өңірде төлемдер әртүрлі екенін айтып отыр. Себебі оның мөлшерін жергілікті органдар айқындайды. Биыл Жеңіс күніне орай берілетін төлемдер қандай мөлшерде болады? Біздің ойымызша, мұндай төлемдердің бірыңғай мөлшерін айқындау орынды», - деді депутат Балайым Кесебаева. 

Өз кезегінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкіметте Жеңіс күніне берілетін төлемдер Қазақстан бойынша біркелкі болғанын назарға алып отырғанын жеткізді. 

«Осыған қатысты Үкіметтің басшылығымен тиісті ұсыныс әкімдіктерге берілген. Бұл жерде біз төменгі мөлшерін белгіледік. Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушыларына, мүгедектеріне ең төменгі сома 300 мың теңгеден кем емес... Бірақ өңірлерде егер мүмкіндіктері болса, кейбір облыстар одан да жоғары береміз деп жоспарлауда», - деді министр. 

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің атап өтуінше, аталған төлемдердің бірыңғай мөлшері болғаны дұрыс. 

«Әрине, төлем сомасы аз болмауы керек. Жеңіске 75 жыл толып отыр. Сондықтан депутат айтқандай, мұндай төлемдердің бірыңғай мөлшерін айқындау керек. Осыны Үкіметтің ұсынысы бойынша қарап шығыңыз, алда уақыт бар», - деді Н. Нығматулин Еңбек министріне қарата айтқан сөзінде.