24 ақп, 2022 сағат 19:14

Жеңілдетілген автонесие: Биыл қанша қазақстандық көлік сатып ала алады?


«Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев биыл шамамен 15-17 мың қазақстандық жеңілдетілген автонесие бойынша көлік сатып ала алатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдын ала болжам бойынша, биыл жеңілдетілген автонесиемен 15-17 мың адам көлік сатып алады», - деп жауап берді Бекнұр Несіпбаев баспасөз мәслихатында.

Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының стратегиялық даму жөніндегі директоры Қайрат Еламанов жеңілдетілген автокөлік несиелеріне қаражы қалай бөлінетініне де байланысты екенін айтты.

«Мұнда екі мүмкіндік бар. Біріншісі қазір жүзеге асырылып жатқан бағдарламаға ұқсас. Яғни, бүкіл несиені қаржыландыру немесе екінші нұсқа – пайыздық мөлшерлемені субсидиялау. Субсидияланған пайыздық мөлшерлеме төмен болса, көліктер саны да көп болуы мүмкін», - деді ол.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева жеңілдетілген несие беру бағдарламасының тетігін түсіндірді.

«Жеңілдетілген бағдарлама бойынша қаражат алудың екі нұсқасы ұсынылады. Бірінші нұсқаны Үкімет жариялады – «РОП Оператор» ақшасы осы бағдарламаға 100 млрд теңге көлемінде бағытталады, екіншісі – екінші деңгейлі банктер мен ҚР Даму банкі арқылы дәстүрлі бюджеттік қаражат бөлу. Бұл бюджеттік несиелеу бағдарламасы 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жалпы, Қазақстан азаматтары үшін базалық параметрлер бірдей болады. Сыйақы мөлшерлемесі - жылына 4%, 5 жылға дейін бастапқы жарнасыз, бағдарламаға Қазақстанда шығарылған барлық көлік қатысады. Автокөліктің құнына емес, несие сомасына шектеулер бар. Әрбір тұтынушының өзіндік параметрлері бар. Ол көлікті таңдаған кезде банк оның мүмкіндіктеріне тиісті есеп-қисап жасайды», - деді Анар Мақашева.