Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбек пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың, «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің қатысуымен жемқорлыққа байланысты жиын өтті.
Шара барысында А.Шпекбаев еліміздегі жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың көрсеткіштерін жария етті. Және бұған қоса, кейбір кедергілерге қарамастан, Қазақстанда осы бағытта жүріп жатқан тиімді шаралардың нәтижесінде ілгерілеулер бар екендігін де атады. «Жемқорлық тек мемлекетті ғана емес, жалпы қоғамды толғандырады, бұл – еліміз үшін үлкен мәселе. Осы мәселеде біз әлемде 123 орындамыз, жемқорлық деңгейі әлі де жоғары. Дегенмен, жемқорлыққа қарсы саясаттың арқасында біз 2014-2016 жылдары 17 позицияға көтерілдік», – деді А.Шпекбаев.
Сондай-ақ, жиын барысында соңғы бір жыл тоғыз ай ішінде 660 лауазым иесі айыппұл төлегені мәлім болды. Соның арқасында өткен жылы бюджетке 3,5 миллиард теңге түскен. Агенттік төрағасы орынбасарының айтуынша, айыппұлды уақтылы төлемегендер бостандығынан айырылады. Жоғарыда аталған мерзім ішінде 924 мемлекеттік қызметкердің дүние-мүлкі тәркіленіп, 1210 адам өмір бойына мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айырылған.
Мемлекеттік органдар қызметкерлеріне профилактикалық шара ретінде жемқорлық пен лауазымды қызметін асыра пайдаланғаны үшін бас бостандығынан айырылып, жазаға кесілгендер туралы бейнеролик көрсетілді. Алматыдағы барша дерлік құқық қорғау саласының басшылары қатысқан үлкен жиында мемлекеттік аппараттың маңызды жұмысының бірі ретінде сапалы қызмет көрсету мәселесі де сөз болды.
«Біз бұл бағытта барлық үдерістерді қарапайымдандыра отырып, жариялы түрде жұмыс жүргізудеміз. Жер қатынастары, пәтер бөлу, құрылыс, архитектура, білім мен денсаулық сақтау салаларындағы барлық іс-қимылдар ашық жүргізілуде. Лауазымды адамдарға, тұрғындарға, бизнеске барлық мәселелердің тек заң жүзінде, ешқандай сыбайлас жемқорлықсыз шешілетінін білдіреміз және талап етеміз. Бұл істе мемлекет пен бизнес арасында өзара түсіністік қалыптасуы тиіс», – деп атап өтті Алматы әкімі.
Б.Байбек қалада ретсіз құрылыс салудың алдын алу үшін сәулет-құрылыс бақылау ісінің пәрменділігі артқанын, жер қорын сақтау үшін түрлі шешімдердің Бас жоспарға сай жасалатындығын айтты. Бұл шаралар мемлекеттік қызметте жемқорлықты болдырмауға ықпал етуде.
Мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру мен құжаттарды рәсімдеуді жақсарту барысында Алматы бүкіләлемдік «Doing Business» банкі жариялаған рейтингте алға шыққаны да айтылды. Мысалы, биыл Қазақстан 6 тармақ бойынша жоғары көтеріліп, 35 орынды иеленді. Ресей, Бельгия, Италия, Грекия, Люксембург және басқалары біздің соңымызда. Автоматтандыру арқасында процедуралар жеңілдетілді, рұқсат құжаттарын беру мерзімі 3 есе қысқарып, 6 күнге дейін жетті. Керексіз құжаттар талап етілмейтін болды.
«Салықтық әкімшілік те жеңілдетілді. Бүгінгі күні Алматыда салықтық есеп берудің 96 пайызы электронды түрде жіберіледі, электронды салық қызметінің үлесі – 85 пайыз. Мұнда қызметшілердің біліктілігіне көп нәрсе байланысты. Мемлекет басшысы айтып өткендей, кәсіби мемлекеттік қызмет меритократия қағидаттарына негізделген. Осы ретте бізде өз ісін жетік меңгерген аппарат қалыптасқан» – деді жиын барысында қала әкімі.
Шаһар басшысының мәлімдеуіне қарағанда, «Құрылыс салуға рұқсат алу» жағдайы жақсарған көрінеді. Яғни, 22 позицияға көтеріліп, 56-орынды иеленген. «Электрге қосылу» позициясы 27 орынға жоғарылапты. Бұл – 102 орыннан 75 орынға көтерілді деген сөз.
Жиын барысында жемқорлықтың алдын алу және жол бойында полицейлермен байланысты болдырмау үшін 2017 жылы қала бойынша бір мыңнан астам бейнекамералар орнатылатын болады.
Мегаполистегі жиын барысында сыбайластықпен күреске қатысты қордаланған жайттардың барлығы да ортаға салынып, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы да сала-сала бойынша сөз болды. Алайда, жемқорлықпен ымыраласуға жол бермеуге қарапайым халықтың өзі де мүдделі болуы керек. Мұндай жағдайда қарапайым тұрғындардың көрініп тұрған әділетсіздікке, беріліп жатқан параға, жасалынып жатқан шараларға көз жұмбай, мүдделестік танытуы да бұл істе аса маңызды екені қадап айтылды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ