18 там, 2021 сағат 13:40

Жемқорлық жайлы хабарлаған 8 түркістандық 1,5 млн теңге сыйақы алды


Жыл басынан бері Түркістан облысында парақорлық әрекеттің алдын алып, құзырлы мекемеге дер кезінде хабарлаған 8 азаматқа 1,5 млн теңге көлемінде ынталандыру сыйақысы берілді.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Хәкім Көшқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Түркістан облысы республикадағы ірі облыстардың бірі. Халқының саны 2 млн-нан асады. Облыстың құрамына 3 қала, 14 аудан кіреді. Жемқорлықты болдырмауда оның алдын алу өте маңызды. Осы орайда биыл жыл басынан бері 870 мыңнан астам адамды қамтыған 675 сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шарасы ұйымдастырылды. Сонымен қатар 264 кездесу өткізіліп, 333 тікелей эфирден жемқорлық мәселесі талқыланды. Сол сияқты парақорлықтан аулақ болуға шақыратын 9 бейнеролик түсіріліп, ол халыққа насихатталды. Халықпен тығыз байланыстың бірі БАҚ, осы орайда «Түркістан» телеарнасында «Халық үні» атты телебағдарламасы ашылды», - деді Хәкім Көшқалиев Antikor Live жобасының тікелей эфирінде. 

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда өңір азаматтары белсенді. 

«Биыл парақорлық әрекет туралы хабарлаған 8 тұлғаға 1,5 млн теңгенің сыйақысы берілді. Әрине, біз мұндай қоғам белсенділерін қолдаймыз. Жалпы жыл санап Түркістан облысында жемқорлық әрекетіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтардың саны артып келеді. Сонымен қатар бізде Call орталық жұмыс істейді, биыл орталыққа 71 адам хабарласты. Белсенді азаматтардың хабары мен біздің мамандардың жедел әрекетінің негізінде 3 тұлғаның заңсыз әрекеті үшін қылмыстық іс қозғалды және 2 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Осы орайда жанашыр азаматтардың арқасында бұл бағыттағы жұмыс өз деңгейінде атқарылып жатыр деп ойлаймын», - дейді ол.