2020 жылы Қазақстанда жемқорлық қылмыстары үшін 150-ге жуық адам сотталды. Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің онлайн-брифингінде айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мәлім етілгендей, былтыр сыбайлас жемқорлық үшін 149 адам сотталды. Оның ішінде пара алған – 33 адам, пара берген – 73, алаяқтық жасаған – 21, ұрлық жасаған – 11, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған – 8 адам бар.
Бас бостандығынан айыруға – 42 адам, бас бостандығын шектеуге – 12 адам, айыппұлдарға – 90 адам, қалғандары шартты мерзімге не мерзімін кейінге қалдыра отырып сотталды (5).
Қосымша жазалау шаралары 176 адамға қатысты қолданылды (бір адамға қатысты бірнеше қосымша жазалау шарасы қолданылуы мүмкін): 145 адам – белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылды, 29 адам – арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айырылды, 2 адам мүлкі тәркіленіп, сотталды.