Фото: @ Sahiba GAFAROVA, Twitter
Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың Ұлыбритания королі III Чарльздің тәж кию рәсіміне қатысқан суреті пайда болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Лондондағы тәж кию рәсімінен түсірілген суретті Әзербайжан Милли Мәжілісінің төрағасы Сағиба Гафарова Twitter-дегі парақшасында жариялады.
"Лондондағы Вестминстер аббаттығында Түркияның вице-президенті Фуат Октай, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов және Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Сардор Өмірзақовпен Ұлыбритания королінің таққа отыру рәсімі кезінде", - деп жазды Гафарова суретке.
Еске сала кетейік, Қазақстаннан Ұлыбритания королі III Чарльздің таққа отыру рәсіміне Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қатысты. III Чарльз бен ханшайым Камилланың тәж кигізу рәсімі 6-мамырда, патшайым Елизавета II қайтыс болғаннан кейін сегіз айдан соң Вестминстер аббаттығында өтті.
Шараға 2 мыңға жуық қонақ қатысты, бұл - Елизавета II-нің таққа отыруына қатысқандардың төрттен бірі ғана. Бұл тізімге корольдік отбасы мүшелері, шетелдік мемлекет басшылары мен құрметті қонақтар, ұлыбританиялық саяси көшбасшылар кіреді.
Тәж кию кезінде Чарльз 74 жаста болды, сондықтан ол монарх тағына отырғандардың ең жасы үлкені атанды. Король өз антында Ұлыбританияны және Достастықтың 15 елін басқаруға, ол елдерде өзі мемлекет басшысы болуға, сонымен қатар заңды және әділдікті мейірімділікпен орындауға уәде берді.
Еске салайық, Ұлыбритания патшайымы Елизавета II 2022 жылы 8 қыркүйекте 96 жасында Шотландиядағы Балморал сарайында қайтыс болды. Оның ұлы ханзада Чарльз автоматты түрде патша болды және Чарльз III деген есімді алды.