Фото: Pexels.com
Премьер-министр Олжас Бектенов жеке тұлғалардың басым бөлігін кірістері мен мүлкі туралы міндетті декларация тапсырудан босату туралы Қаржы министрлігінің ұсынысын қолдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазіргі таңда 4,8 миллион адам декларация тапсыруда, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор өкілдері мен олардың жұбайлары бар. Бұған дейін 2025 жылдан бастап барлық азаматтарға декларация тапсыру міндеттелген еді. Алайда, халықтың алаңдаушылығын ескере отырып, қалған 8 миллионға жуық азаматты декларациядан босату туралы шешім қабылданды.
Декларация тек шетелде активтері бар, 74 миллион теңгеден асатын сатып алулар жасаған немесе дербес табыс алған тұлғалар үшін сақталады. Қалған азаматтарға ерікті түрде декларация тапсыру құқығы беріледі.
"Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың деректер базасы барынша цифрландырылған. Қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді. Халықаралық келісімдер шеңберінде шоттар бойынша деректер алмасу жолға қойылды. Цифрлық қызметтер кең таралған. Сондықтан жалпы алғанда, жеке тұлғалардың активтері бойынша барлық ақпарат бар.
Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері тіркеу және салықтық бақылау үшін барлық цифрлық базалардан, оның ішінде екінші деңгейлі банктерден мәліметтер алуды қамтамасыз еткені жөн. Сондықтан мен 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияларды міндетті түрде тапсырудан босату туралы қаржы министрінің ұсынысын қолдаймын", — деп атап өтті Премьер-министр.
Үкімет заңнамаға қажетті өзгерістерді үш күн ішінде дайындап, Парламентке енгізуді тапсырды.