16 қыр, 2020 сағат 06:37

Жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау шаралары АӨК-ті дамыту жобасына енгізілмек

Жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау шаралары агоөнеркәсіп кешенін (АӨК) дамыту жөніндегі ұлттық жобаға енгізіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, статистика бойынша Қазақстандағы сүттің 75%-ы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі. Алайда, логистиканың және орталықтан сатып алудың жоқтығынан, сондай-ақ сақтау, бастапқы өңдеу, азықпен қамтамасыз ету және айналым қаржысының жетіспеушілігіне байланысты жеке қосалқы шаруашылықтардың (ЖҚШ) өнімінің аз ғана көлемі қайта өңделеді.

Осы мәселені шешу және ЖҚШ-дың мүмкіндіктерін шоғырландыру үшін Президенттің тапсырмасымен кооперация арқылы ауыл тұрғындарының табысын ауқымды және тиімді арттыру бағытында Жамбыл облысында пилоттық жоба іске қосылды. 

Үкіметтің жобалық кеңсесінің салалық менеджерлері қазіргі уақытта әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қатысуы арқылы кооперативтерді құруды тікелей қаржылық және ұйымдастырушылық қолдау бойынша модельдерді пысықтауда.

«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» жөніндегі Ұлттық жобаның тұжырымдамасын әзірлеу кезінде Үкіметтің жобалық кеңсесінің тәжірибесі қолданылатын болады.