Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов алғашқы медициналық көмек көрсететін ұйымдарды қаржыландыру тәртібін өзгерту ұсынысына қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Айта кетсек, бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаттары алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарды қаржыландыру тәртібін өзгертуді ұсынып, көрсетілген көмек фактілерін тіркеп, сол арқылы арнайы тариф бойынша қаржыландыруды ұсынған еді.
Бұл сұраққа жауап берген Елжан Біртанов қазіргі жүйе алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде алдын алу жұмысын, қызмет сапасын арттыруды қосымша ынталандыратынын айтады.
Сонымен қатар, министрдің сөзінше қазір медициналық көмекпен азаматтардың бәрі де қамтылады. Жедел хабарламаларға бірден шығу, созылмалы аурулары бар азаматтарға қызмет көрсету қауіптерін азайтып, менеджментті жақсартып, басқару ісін жетілдіреді.
«Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі артып, медициналық қызмет сапасын бақылау жұмысы күшейтіліп отыр. Сонымен бірге егер әрбір шақыруға ақша төленер болса – ол шақырулардың санын арттыруға қатысты экономикалық мүдде пайда болуы мүмкін. Яғни белгілі бір патология бойынша бірнеше рет бару жағдайы туындауы ықтимал. Бұл жақсы нәтижеге апармайды. Ал шақыру азайған жағдайда жедел медициналық қызметтің табысы азайып, бұл сондағы қызметкерлердің айлығына, жанар-жағармайдың азайып, жөндеуге немесе автокөліктің қосымша саймандарының қажеттігіне әсер етуі ықтимал. Осыған байланысты жедел жәрдем қызметін орындайтын мекемелерді қаржыландыру тәртібін өзгерту, сол арқылы арнайы тариф енгізу («ақша пациенттің соңына еріп барады» қағидатымен) – республикалық бюджеттің шығысының артуына алып келеді, өткір аурулар мен пациенттің өміріне қауіп төндіретін жағдайда жедел жәрдем көрсету қызметіне кері әсер етеді. Алдағы уақытта жедел медициналық қызметті қаржыландыру мен оның жұмысын ұйымдастыру ісі ары қарай жетілдіріле бермек», - деп жауап берді Елжан Біртанов.