Көшелер мен қоғамдық орындарда жедел көмек шақыруға арналған «SOS батырмасы» тесттік режимде іске қосылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз пилоттық режимде «SOS батырмасы» жүйесін іске қостық. Әзірге Талапкер елдімекеніне барар жолда тесттік режимде бір құрылғы жұмыс істеп тұр. Бұл құрылғылар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларында орнатылады. Олар саябақтарда, халық көп жиналатын жерлер мен далаларға болады, тұрғындар телефоны өшіп қалса немесе оқыс оқиғалар болса, осы батырманы баса алады. Бейнежазба немесе аудио жақын маңдағы жедел басқару орталығына түседі және картада орналасқан жері көрсетіледі, егер жүгінуші көмекке мұқтаж болса, патрульдік машина немесе жаяу полиция жасағы жіберіледі», - деді Сәкен Сәрсенов Нұр-Сұлтан қаласының жедел басқару орталығында тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, «SOS батырмасы» жобасы бірнеше компанияның қатысуымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылуда. Жақын арада оның таныстырылымы өтеді.