"Рио-де Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан қыздар арасында 69 келіде өнер көрсететін Жазира Жаппарқұл күміс жүлдеге ие болды", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.
69 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз жұлқа көтеру сынында 115 келіні көтеріп, екінші орыннан көрінді. Бұл сында қытайлық атлет Янмей Сян 116 келімен бірінші нәтиже көрсетті.
Серпе көтеруден жерлесіміз 144 келіні басынан асырып, тағы да қытайлық қыздан кейінгі орыннан көрінді. Осылайша 259 ұпаймен екінші орынды еншіледі. Ал Янмей Сян 261 ұпаймен алтын жүлдені қанжығалады.
Жазира Жаппарқұл 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданында дүниеге келген. 8 жасынан бастап ауыр атлетикамен айналыса бастаған. Алғашқы бапкері Рашит Төлегенов. Қазір де осы бапкерімен жұмыс жасап келеді.
Ол ең алғаш 58, 63 келі салмақта Қазақстан чемпионы атанды. Ал 2010 жылы 17 жасында Сингапурде өткен тұңғыш жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында қазақ қыздары арасынан тұңғыш жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Бұл оның үлкен спортқа деген құштарлығын оятты. Сингапурде Жазира 63 келіде өнер көрсетіп, қос сайыстың қорытындысы бойынша 205 (90+115) келіні бағындырды.
2012 жылы Гватемаладағы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде чемпион атанды. Қос сайыстың қорытындысы - 239 келі (106+133). Ал 2013 жылы Жаппарқұл жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды.
Жазира 2011 жылы алғаш рет ересектер арасындағы әлем біріншілігіне қатысты. Алайда онда жүлде бұйырмады. Қарсыластарының барлығы кілең мықтылар еді. 2013 жылы да ересектер арасындағы әлем чемпионатында бағы жанбады. Алайда, ол 2014 жылы өз елімізде Алматы қаласында өткен әлем біріншілігінде тұңғыш рет қазақ қыздары арасында ауыр атлетикадан "әлем чемпионатының күміс жүлдегері" деген атаққа қол жеткізді. Онда жұлқа көтеруден 118 келіні, серпе көтеру бәсекесінде 144 келіні көтеріп, қос сайыстың қорытындысы бойынша 262 келіні бағындырды.
2015 жылы Хьюстонда өткен, Рио Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынған әлем чемпионатында тағы да жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрініп, екінші мәрте әлем біріншілігінің күміс жүлдегері деген атаққа қол жеткізді.
Ұлт порталы