30 мам, 2018 сағат 08:50

Жазбен бірге келген балалар мерекесі

Биылғы Халықаралық балаларды қорғау күні «Астана Операның» театралдық студиясының бес жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуде. 1 маусым күні «Астана Опера» Камералық залының сахнасында театралдық студияның тәрбиеленушілері арнайы мерекелік бағдарлама ұсынбақ.

- Шамамен екі ай бойы осы концертке дайындық жүргізіліп келді. Жаңа бағдарламаға әртүрлі нөмірлерді, соның ішінде Ж.Бизенің «Кармен» операсынан марш, «Япырай» қазақ халық әні, сонымен қатар жақын арада Үлкен зал сахнасында тұсауы кесілетін Дж.Пуччинидің «Турандот» операсынан үзіндіенгіздік. V театр маусымының репертуарын да ішінара көрсететін боламыз. Студиямыздың ашылған сәтінен бастан күні бүгінге дейін шығармашылықпен айналысатын балалар, сондай-ақ соңғыекі-үш жылда келіп қосылған балалар да бар. «Астана Опера»сахнасындаөнер көрсетіп, тәлім алып жатқан Балалар студиясының тәрбиеленушілері осы бес жыл ішіндеұжымның қарқынын арттыруда. Балаларда асқақ өнерге деген ұмтылыс бар, көпшілігі алдағы уақыттағы қызметтерін театрмен байланыстырып, өздері үшін осылай шешім қабылдап қойған,- деді хор студиясының жетекшісі Алтынғаным Ахметова.

Бұл концертте бірнеше ұл бала алғаш рет жеке нөмірлермен өнер көрсететін болады. Кіші топтағы ұлдар итальян әншісіРобертино Лореттидің репертуарынан танымал Santa Lucia, O sole mio, Funiculi funikula және тағы басқа туындыларды орындайды. Жасы үлкен топтағы қыздар күрделі бағдарлама даярлаған, олар көп дауыспен шырқалатын шығармаларды ұсынады. Балет студиясының жас әртістері кең ауқымды бағдарлама әзірлеген. «Шолпы» қазақ халық биі, Й.Байердің «Қуыршақтар перісі» балетінен вариация, Л.Минкустың «Баядерка» балетінен полька, Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен Китридің вариациясы және өзге де нөмірлер кештің көркін қыздыра түспек.

«Астана Опера» Балалар студиясының мақсаты – балалардың өз шығармашылық әлеуетін ашып, дарынын дамыта алуы.

- Алғашқы мерейтойда жас әртістер үлкен жетістіктерге қол жеткізді: қазіргі таңда студия тәрбиеленушілері Қазақстанның, алыс-жақын шетелдердіңжоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Жас әншілер мен бишілер ересек әртістермен бірге концертттік бағдарламаларға, спектакльдерге қатысып, тіпті гастрольдік сапарларға да шығады. Студияда өнерге деген қызығушылығы мол, сахналық дарыны мен музыкалық қабілеті бар балалар білім алуда. Студияның ең жас қатысушысылары бүгінде 7 жаста. Балалардың тұлға ретінде қалыптасуына көмек беру біз үшін өте маңызды. Егер бала саналы өміріндеәртіс немесе музыкант мамандығын таңдайтын болса, ол үлкен табыстарға жетеді, ал егер бұл жолға түспесе, онда олар басқа салаларда жетістіктерге ие болары сөзсіз, себебі балалық шағында қалыптаса бастаған актерлік шеберліктің арқасында ол өзін ерікті әрі еркін сезіне алады.Осының бәрі оған есейген шағында биік шыңдарды бағындырып, талай асуларды алуына көмектеседі,- деп түсінік берді «Астана Опера» театрының режиссері Наталья Кагадий.

Көрермендер Дж.Пуччинидің «Богема», «Тоска», Ж.Бизенің«Кармен», сондай-ақ Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операларынан хор студиясының тәрбиеленушілерін көре алады,ал балет студиясының жеткіншектері «Дон Кихот» қойылымында аты аңызға айналған миландық Ла Скала театры әртістерімен, сонымен қатар Мариин театрының гастролі аясында Рихард Вагнердің «Рейн алтыны» операсындамайталмандармен бірге сахнада өнер көрсетті. Хор және балет студиясының тәрбиеленушілері симфониялық оркестрмен, сонымен бірге ересек әртістермен бірге тұңғыш рет «Пер Гюнттің саяхаты» атты бірегей жобасына қатысқан.

Хор студиясының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова, балет жетекшісі – Әмина Әлиева. «Астана Опера» театрының режиссері, балалар театралдық студиясының актерлік шеберлік сабақтарының оқытушысы – Наталья Кагадий.