06 жел, 2025 сағат 13:43

«Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалі өтті

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалі өтті. 

Іс-шараның мақсаты - Қазақстанның халық әртісі, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасын насихаттауға бағытталған. Сондай-ақ, фестиваль халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайтуға, ұлтаралық диалогты дамытуға және жас орындаушылардың шығармашылық бастамаларын қолдауға арналған. 


Концерттік бағдарламада Шәмші Қалдаяқовтың танымал шығармалары жаңа аранжировкаларда орындалды. Атап айтқанда, «Ақ маңдайлым», «Отырардағы той», «Сыр сұлуы», «Қайдасың», «Шынарым», «Ана туралы жыр», «Арыс жағасында» және т.б. 

Іс-шараға шетел өнерпаздары қатысты: İlkim Eylül İlk (Түркия), Сарвиноз Камалова (Өзбекстан), Альфия Каримова (Башқұртстан), Michelle Joseph (Монғолия) және Вреж Киракосян (Армения). Сондай-ақ, фестиваль қатысушыларының қатарында Қазақконцерт әртістері мен шығармашылық ұжымдары да бар: «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әділхан Макин, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Бауыржан Исаев, Алтыншаш Мұқатаева, Анна Уварова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Оралхан Алтынбеков, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Ибраһим Амин, Айбек Абдыашимұлы, Талғат Аллабиринов, Сая Махамбет, Сұлтан Ахмет, Зарина Макина, Дидар Абдухалық, Нұрмұхаммед Сатен, Табриз Иылдырым, сондай-ақ, «Бірлік» би ансамблі, «SAZ&SOUL» тобы және Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің камералық ансамблі.


Сондай-ақ, іс-шараға танымал дирижер, Мәдениет саласының үздігі Мұхтар Шәмшіұлы Қалдаяқов қатысты.
Фестиваль қатысушылары дипломмен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.