Фото: kaztag.kz
Мәжілісте су ресурстарының басқарылу тиімділігіне жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың қорытындысын талқылау кезінде Жоғары аудиторлық палатаның төрайымы Наталья Годунова «Қазсушар» мекемесінде басшы жи ауысатынын сынады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Шынымен де, «Қазсушардың» жағдайы стандарттан тыс болып тұр. Таза қаржылық формулалар бойынша есептесек, компанияның қаржылық орнықтылығы 98 пайыз деп шығады. Соның өзінде кәсіпорынның бүкіл табысының 48 пайызы республикалық бюджеттен түседі.
Тек 52 пайызы ғана тұтынушыларға су берудің ақысынан кіреді. Яғни, мекеменің қаржылық орнықтылығы алдамшы. Өйткені көрсеткіштер кәсіпорын шотындағы қолма-қол қаржы қалдықтары есебінен туындап отыр. 2023 жылғы 1 маусымда жүргізілген аудит сәтінде шотта қалған қолма-қол қаржы 18,9 млрд теңге немесе бүкіл ақшалай қаржының 57 пайызы болған. Бұл қаражат 2018 жылдан бері жинақталып отырған», - деді Жоғары аудиторлық палата басшысы.
Оның сөзінше, палата 5 жылдың ішінде су ресурстары саласына 3 аудит жүргізген.
«Сол кезде ұйымдастыру мәселесі бар екенін көрдік. Әр аудит сайын кімнен жауап аларымызды білмейміз. Өйткені Жоғару аудиторлық палатаның әр отырысына «Қазсушар» мен Су ресурстары комитетінен түрлі басшы келіп тұрады. Жауап алатын адам жоқ. Міне, сондықтан «кәсіпорынның қаржылық жағдайы орнықсыз» деп қорытынды жасауға болады. Ұйымға қаржылық тұрақтылық жағынан да, ұйымдастыру жағынан да кешенді шаралар қолдану қажет. Сын-қатерлерін тарқатып айта аламын. Бірақ ол аудит қорытындысында көрсетілген», - деді Наталья Годунова.