20 сәу, 2026 сағат 17:26

«Жасырын орын» арқылы есірткі таратқан 23 жастағы жігіт қолға түсті


Фото: Polisia.kz


Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі заттарын заңсыз өткізу дерегі бойынша күдіктіні ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.


Күдікті – Ақмола облысының 23 жастағы жұмыссыз тұрғыны. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол бір айға жетпейтін уақыт ішінде психотроптық заттарды «жасырын орындар» арқылы таратып келген.


Полицейлер оны Петропавл қаласындағы Набережная көшесінде ұстаған. Тексеру барысында оның көзілдірік қорабынан ұнтақ тәрізді зат салынған 14 орама, ал қалтасынан тағы 60 орама табылып, тәркіленді.


Сараптама нәтижесінде алынған заттың жалпы салмағы 64,1 грамм болатын α-PvP синтетикалық есірткі екені анықталды. Бұл көлем 200-ден 250-ге дейін бір реттік дозаның заңсыз айналымға түсуіне жол бермеген.


Сонымен қатар медициналық тексеру күдіктінің психотроптық заттарды қолданғанын растады. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.


Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, күдікті 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.