Фото: stan.kz
Семей қаласында марғаудың өліміне байланысты жарияланған видео әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.
Әлеуметтік желі қолданушысы өз парақшасында марғаудың қаза тапқан сәті түсірілген видеоны жариялап, оны «абайсызда болған жағдайдан сабақ болсын» деген мақсатпен салғанын айтқан. Оның сөзінше, жануар кір жуғыш машинаның ішіне байқамай түсіп кеткен.
Алайда жазба желі қолданушыларының ашуын туғызды. Көпшілік видеоны жариялаудағы тәсілді сынға алып, авторды жануарларға қатыгездік танытты деп айыптады. Кейбір пікір білдірушілер жағдайға құқық қорғау органдарының араласуын талап еткен.
Кейін автор жағдайға қатысты түсініктеме беріп, марғауды үш жасар баласының кір жуғыш машинаға салып қойғанын, ал өзі оны байқамай қосып жібергенін мәлімдеген.
«Біз әдейі істеген жоқпыз. Балам мысықпен ойнамақ болып, оны жасырған. Мен байқамай машинаны қостым. Кейін ғана марғауды көрдім», – деген ол.
Сонымен қатар әйел желі қолданушыларынан баласын кінәламауды және отбасына қатысты ауыр сөздер айтпауын сұраған.
