20 сәу, 2026 сағат 11:05

"Қайтыс болып кеткен адамдарға ем көрсеткен": Павлодарда медицина саласында заң бұзушылықтар анықталды

Фото: ашық дереккөз

Павлодар қаласының прокурорлары «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» қаражатының жұмсалуына жүргізілген тексеру барысында бірқатар заңсыз әрекеттерді әшкереледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Қадағалау нәтижесінде медициналық қызметтердің жалған көрсетілгені анықталған. Атап айтқанда, невропатолог, кардиолог, хирург, психолог секілді дәрігерлердің қабылдаулары қайтыс болған адамдарға «жүргізілгені» тіркелген. Сонымен қатар акушер-гинеколог дәрігерлердің кеңесі ер адамдарға көрсетілген деп рәсімделген жағдайлар да болған.

Бұдан бөлек, емдеу қызметтерін негізсіз қайталау арқылы қосарланған төлем алу фактілері белгілі болды. Тексеру барысында тиісті сертификаттары мен рұқсат құжаттары жоқ адамдардың да медициналық көмек көрсеткені анықталған.

Прокуратураның мәліметінше, заң бұзушылықтарды жою және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бағытында тиісті шаралар қабылдануда. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген 100 млн теңгеден астам залал өтелген.

Қазіргі таңда сотта медицина саласында заңсыз кәсіпкерлік қызмет арқылы 62 млн теңге жымқыру және 41 млн теңге көлемінде мемлекетке зиян келтіру деректері бойынша екі қылмыстық іс қаралуда.