07 қыр, 2016 сағат 16:48

«Жасыл» экономика «жасыл» ауылдан басталады

Астананың іргесіндегі Арнасай ауы­лында жасалып жатқан тірлік­тер бүгінде еліміздің әр түкпіріне таралып, біртіндеп қолданысқа енуде. Бұл ауылда жиырмадан астам «жасыл» технология түрі жолға қойылған.

«Жасыл» энергия деп жүз жерден ұрандасаңыз да, табиғатқа зиян келтірмейтін, қоршаған ортаның өзінен қуат алатын технология қарыштап дамып кетпейтіні түсінікті. Ол үшін жаңғырмалы энергия көздерін тұтыну бойынша әлемге үлгі көрсетіп отырған елдердің тәжірибесіне жүгінбек керек. Мәселен, күні кеше ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатыны анықталған Коста-Рика 97 пайыз энергияны күн батареяларынан, жел генераторларынан алады екен. Желден, күннен, өзеннің ағысынан, теңіз бен мұхиттың толқынынан қуат алуды жеріне жеткізе дамытқан Ұлыбритания, Германия, Дания, Шотландия сынды елдер де бұл салада көшбасшы ретінде көрініп, ондаған миллион халықты таза энергиямен қамтып отыр. Олай болса, келер жылы елордада өтетін ұланғайыр көрменің ұранына сәйкес, «Болашақтың энергиясын» дамыту ісінде біздің ел де бәсекеге түсуге тиіс.

23 жылдың ішінде Қазақстанға БҰҰ Даму бағдарламасы бөлетін гранттардың есебінен 23 миллион доллар қаражат тартылды

«Ауызды қу шөппен сүрте берсек» ешкім Қазақстанға барын беріп, білгенін үйретіп кетпейтіні белгілі. Сол себепті, отандық мамандар қол қусырып қарап отырған жоқ. Алысқа бармай-ақ, Астананың іргесіндегі Арнасай ауылында жасалып жатқан тірліктер бүгінде еліміздің әр түкпіріне таралып, біртіндеп қолданысқа енуде. Бұл ауылда жиырмадан астам «жасыл» технология түрі жолға қойылған. Дүние жүзіне таралған тәсілдерді айтпағанда, жергілікті мамандардың өздері жаңалық ашып, ауыз толтырып айтуға тұратын дүниелерді жасаған.

«Жасыл» ауылдағы игі тірліктер «Жасыл» технологиялар халық академиясы» білім тарату орталығының арқасында жүзеге асырылуда. Жуырда осы орталық жұмыс істей бастағандарына 1 жыл толғанын Арнасайда атап өткен еді. «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Globald-ды дамыту коалициясының» және «Ақбота» қоғамдық қорының мұрындық болуымен құрылған ұйым бұл шараға журналистерді де шақырып, БҰҰ Даму бағдарламасының аясында атқарылған жұмыстар барысымен бөлісті.

БҰҰ демекші, бұл орталық бюджеттің есебінен емес, БҰҰ Даму бағдарламасынан алынған грант арқылы жүмыс істейді. Сол қаражатты тиімді кәдеге жарата отырып, «жасыл» технологияларды дамытатын һәм тарататын, жаңа тәжірибелерді жұртшылық назарына ұсынатын алаңға айналған.

Сонымен, бір жылдығын атап өтіп жатқан елді мекенге біз де атбасын тіредік. «Жасыл» экономикаға көшуге деген талпыныс басқа пайдалы жақтарын айтпағанда, экономикалық тұрғыда тиімді екенін осы ауылдың тәжірибесіне қарап көз жеткіздік. Ауылдағы орта мектеп, балабақша, аурухана, әкімдік ғимараттары автономды жылыту жүйесіне көшкен екен. Жер астында орналасқан фитодиодты жылыжайларға бас сұққанымызда, жайқалып тұрған көкөністердің иісі мұрын жарады. Жаңа технологияларды үйрететін аудиториялары бар, асхана, қонақүй де жұмыс істеп тұр.

Әлгінде айтып өткен ғимараттардың бәрі пиролиз пештермен жылытылады, күн батареяларының, жел генераторларының қуатын пайдаланып, жарық диодты шамдарды пайдаланады. Соның арқасында жергілікті Вячеславка орта мектебі бір жыл ішінде 3 миллион теңге бюджет қаржысын үнемдепті. Егер еліміздегі мектептер Арнасайдағы мектептің тәжірибесін алса, бюджеттің қаншама қаржысы үнемделетінін елестете беріңіз. Үнемнен бөлек, оқушылар қаршадайынан экологиялық мәдениет дегеннің не екенін түйсініп, жергілікті жылыжайларда өсірілген сапалы көкөніспен қоректеніп өскенінің өзі бір ғанибет емес пе?!

«EXPO&WOMEN» халықаралық ұйымының төралқа төрайымы Салтанат Рахымбекова айтып өткендей, «жасылдандыру» тәжірибесін әсіресе, ауылдық жерлерге таратудың маңызы ерекше. Сондай-ақ, қалалық жерлердегі нысандар үшін де пайдасы ұшан-теңіз.

– Мәселен, қонақүйлерді энергия үнемдейтін технологиялармен неге жабдықтамасқа?! Үнемді шамдар жарқырап тұрса, қол жуатын, кептіретін жерлер сенсорлы болса, оның несі жаман?! Одан кәсіпкерлер ұтпаса, ұтылмайды. Бизнесін өркендетіп, экологияға да үлес қосады, – дейді Салтанат Рахымбекова.

Арқадағы, солтүстік пен шығыс аймақтардағы алты ай қыста табиғат аясында орналасқан демалыс орындарының біразы жабылып қалатыны жасырын емес. Себебі, клиент азаяды, шығын көбейеді. Салтанат Рахымбаеваның айтуынша, мұның бәрі энергияны тиімді пайдалана білмегеннің кесірі. Қазір орталық осыны алдымен халыққа көрсетіп, содан соң ықыласы оянғандарға үйрету үшін жұмыс істеп жатыр. Бар жұмысты Үкіметке ысырып қоймай, халықтың өзі де тиімді энергияға қол жеткізе алатынын дәлелдемек.

«Экономика – үнемді болуға тиіс» деген қағида бар. «Жасыл» технологияларды қолданудың арқасында «Жасыл» технологиялар халық академиясы» білім тарату орталығы үнемшілдіктің үлгісін көрсетіп отырған жайы бар. Мәселен, орталық күн энергиясымен жұмыс істейтін су жылытқыш қондырғылардың арқасында 100 пайыз ыстық сумен қамтылыпты. Күн сайын 1 000 литр су ысытатынын ескерсек, бір жылда 32 00 кВт электр энергиясы үнемделеді деген сөз. Пиролиздік қазандықтар көмірді 40 пайызға үнемдейді, кешендегі су жылыту қондырғылары да 75 пайызға үнемді. Жарық диодтарын пайдаланып электр энергиясының шығынын екі есе азайтқан. Қысқасы, «жасыл» экономиканың пайдасын шаш-етектен көріп отыр деуге болады.

Пиролиздік пештердің көмегімен қаражат үнемдеп, бюджеттің жүгін жеңілдеткен Вячеславка орта мектебіне деген аудан әкімдігінің ықыласы ерекше. Білгеніміздей, аудан әкімі алдағы уақытта өңірдегі басқа мектептердің де осы әдіске көшкеніне мүдделі болып, ол үшін кәсіпкерлерді тарта бастапты. Қандай да  бір мектепті пиролиздік пешпен жабдықтаған кәсіпкердің мұртын балта шаппайды, жылытуға бөлінген қаражаттан үнемделген бөлігі сол кәсіпкерге беріледі. Яғни, кәсіпкерге де тиімді, бюджетке де үнем деген сөз.

Бір айта кетерлігі, орталық жаңа жобаларды Арнасайда жүзеге асырып қана қоймай, оны өзге аймақтарға тарату үшін осы жерде оқыту, үйрету жұмыстарымен де шұғылданады. Бір жыл ішінде кәсіпкерлер, шаруалар, ауыл мен аудан әкімі сынды 3 мыңға тарта адам арнайы курстан өтіп, үйренгендерін өз өңірлерінде енгізуді бастап та кеткен. Соның арқасында Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстарында осындай орталықтар ашылады деп күтілуде.

«Жасыл» технологиялар халық академиясы» білім тарату орталығының ашылғанына бір жыл толуына орай өткен шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары,  БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері де қатысты. Осы жұмысқа атсалысып жүрген мамандар тиісті дипломдармен марапатталды. Марапатталғандардың қатарында БҰҰ Даму бағдарламасы Тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел ханым да бар. М.Алтангерелдің айтуынша, территориясының басым бөлігі шөлейтті жерлерден тұратын Қазақстан үшін замануи технологияларды ауыл шаруашылығында қолданудың маңызы ерекше. Заманауи тәсілдер суды аз пайдаланып, мол өнім алуға мүмкіндік береді. Оған қоса, жер де тозбайды, атмосфера да бүлінбейді. БҰҰ Даму бағдарламасы осы істі жүзеге асыру үшін көмек қолын созуға әзір көрінеді.

– 23 жылдың ішінде Қазақстанға БҰҰ Даму бағдарламасы бөлетін гранттардың есебінен 23 миллион доллар қаражат тартылды. Бұл қаржы қайтарымсыз, тек мақсатты түрде жұмсалса болғаны. Осы Арнасай ауылында заманауи технологияларды үйренем деушілерге қаржы бөлу, керек-жарақтарды сатып алу ашық түрде жүргізіледі. Жылыжайлардағы «жасыл» технология жергілікті халықтың игілігіне жұмсалады. Осы жермен шектеліп қалмай, Арнасайдағы «жасыл» технологияларды Қызылорда, Маңғыстау облыстарында енгізуді қолға алып жатырмыз, – дейді М.Алтангерел.

Астананың іргесінде «жасыл» экономиканы пайдаланудың озық үлгісін көрсетіп жатқан Арнасай ауылы алдағы уақытта қанат жайып, алынатын өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Биыл жергілікті жылыжайлардан алынған қызанақ, баялды, қырыққабат сынды көкөніс түрлерін жақын арада Астанадағы сауда орындарының сөрелеріне жеткізбек. Ол үшін елордадағы бірқатар дүкендер желісімен келісімшарт жасасып қойған.

Орталықтың мақсаты Арнасайды ғана «жасылдандырумен» шектелмейді. Мақсат – Арнасайдағы қолға алынған жобалардың еліміздің барлық аймақтарына таралуы, жеміс беруі. Түрлі «жасыл» технологияларды іс жүзінде қолданысқа енгізумен, оны одан әрі жетілдірумен және таратумен айналысып жатқан орталық ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өткеннен кейін де жұмысын жалғастыра беруді жоспарлап отыр.

Арнұр АСҚАР, 
«Егемен Қазақстан»

желАрнасай ауылынлдағы Вячеславка орта мектебі жел генератор­лары­ның қуатын пайдалану арқылы 3 млн теңге бюджет қаржысын үнемдеді.

жасыл ел-1Арнасай жылыжай­ларынан алынған қыза­нақ, қырық­қабат сынды көкөніс түр­лері жақын ара­да Ас­тана­дағы сау­да орындарына жеткізіледі.

https://egemen.kz/2016/09/06/60276