27 там, 2023 сағат 15:05

Жастармен жұмыс жөніндегі мамандарға арналған кәсіби стандарттар қабылданды

Фото: ҚР АҚДМ

Жастармен жұмыс жөніндегі мамандарға арналған кәсіби стандарттар қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" АҚДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Зерендіде өткен республикалық жастар академиясында айтты. Министрдің сөзінше, бұл жұмысты жүйелеуге және жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерін іріктеудің нақты өлшемдерін анықтауға мүмкіндік береді. 

Ақмола облысының Зеренді ауданында Ақпарат және қоғамдық даму министрінің ұйымдастыруымен “Әділетті Қазақстан - адал азамат” жастар академиясы өтіп жатыр. 

Аталған іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен келген 100-ден астам жас үш күн ішінде түрлі тренингтерге қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Бұл туралы Дархан Қыдырәлі өзінің парақшасында жазды. 

Іс-шара аясында өткен “Әділетті Қазақстан - адал азамат” атты жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, Amanat партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек те сөз сөйлеп, жастарға пайдалы ақпараттар берді. 

“Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Түркістандағы Ұлттық құрылдайда жастарымыз туған жердің ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі мен бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүргенін ерекше атап өткені белгілі. Сонымен қатар «Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті» деген еді”, - деп жазды министр. 

Биыл «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң өз күшіне енді. Жастар санаты 35 жасқа дейін ұлғайды. Қазір олардың саны 6 млн-ға өсті. Заңды іске асыру үшін, 7 бағыт және 80 іс-шаралар кешеніне қол жеткізуді көздейтін 2029 жылға дейін арналған Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданды.