24 жел, 2019 сағат 20:18

Жастардың бойында жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру маңызды - Алик Шпекбаев

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында облыс әкімінің қоғамдық қабылдауының тұсаукесеріне қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қоғамдық қабылдау қызметінің мақсаты – «бір терезе» ұстанымы бойынша облыстың жергілікті атқарушы органдарына жүгінуге қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты ақпараттарды ұсынудың қолжетімдігі мен сапасын арттыру.

Мемлекет басшысы бекіткен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев және облыс әкімі Даниал Ахметов аталған қоғамдық қабылдау алаңында азаматтарды жеке мәселелер бойынша қабылдады.

Сондай-ақ, «Шығыс – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және «Бизнес пен инвестицияны қорғау» жобасының бірлескен қызметі аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы ШҚО жедел басқару, ақпараттық технологиялар және «INVEST IN EAST» инвестициялық кеңсесінің орталықтарымен танысты.

Дәл осы күні А.Шпекбаев және Д.Ахметов Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-де өткен «Парасатты ұрпақ» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы студенттік форумге қатысты. Форумда қазақша күрестен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, «Әлем барысы», «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров, әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышева, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ескендіров, «Sanaly urpaq» белсенділері сөз сөйледі.

Парасат пен адалдықты бейнелейтін «Ақ алақан» – «Чистые руки» жобасы таныстырылып, университеттің Парасат кеңсесі ашылды.

Өз кезегінде, форумды қорытындылай келе, агенттік төрағасы, Қазақстан жастары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға дайын ең белсенді және нәтижелі топ екенін атап өтті.

Сонымен қоса, жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеуге және отбасы институтының рөліне назар аударды.

 

«Білім ұйымдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту саласындағы белсенді әлеуметтік сала екені сөзсіз. Дегенмен, менің ойымша жастарда жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруда отбасы, нақтырақ айтқанда оның тәрбиелік функциясы ең маңызды рөл атқарады. Отбасында өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше назар аударылуы тиіс, себебі баланың санасы мен құқықтық мәдениеті оның тәрбесіне байланысты. Егер оның бойында ар-ұят, әділдік пен парасат болса, ол ешқашан заң бұзбайды, демек сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасамайды және халқына адал қызмет етеді», - деп атап өтті А.Шпекбаев.

Форум соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы «Шығыс – Адалдық алаңы» жобасы аясында Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжіне барды. Білім мекемелеріндегі парасат мектептерінің мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында рухани құндылықтар мен жоғары адамгершілік қасиеттерді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Сондай-ақ, агенттік төрағасы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Аталған орталықта студенттерге «бір терезе» ұстанымы бойынша әкімшілік және кеңес беру бағытындағы қызметтер көрсетіледі.