08 қар, 2016 сағат 13:14

Жасампаздық жылнамасы. 2003 жыл

2003

* 1 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жаңажылдық құттықтауы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Онда: «Жаңа, 2003 жылдың да барқадарлы жасампаздық еңбек жылы боларына, оның біздің мемлекетіміздің игілігін еселеп, Қазақстандағы әр отбасының дәулетін арттыратынына менің сенімім кәміл», деп жазылды.

* 20 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Швейцария Конфедерациясына ресми сапары басталды. Елбасы Швейцария Конфедерациясының Федералды Президенті Паскаль Кушпенмен кездесіп, екіжақты мәселелер талқыланды. Кездесу нәтижесінде жолаушылар мен жүктердің халықаралық тасымалы туралы және көп тарапты сауда жүйесіне ену мәселелеріне қатысты құжаттарға қол қойылды.

* 23-24 қаңтар күндері Президент Н.Ә.Назарбаев Давостағы 33-ші Дүниежүзілік экономикалық форумның жұмысына қатысып, сөз сөйледі. «Мемлекет басшысы ретінде маған қазақстандықтардың өз жоспарларын дербес анықтап, оларды іске асыруға ұмтылып жатқанын, жаңа экономикалық жағдайда жұмыс істегісі келетінін көру зор ғанибет. Олар өз балаларының болашағын көріп отыр. Бұл да Қазақстанның алдағы үлкен көкжиегін қуаттайды», деді Елбасы форумда.

* 4-5 ақпан күндері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Италия Республикасында ресми сапары өтті. Елбасы Италия Президенті Карло Адзелио Чампи және Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Сильвио Берлусконимен келіссөздер өткізді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев сапар аясында ұйымдастырылған «Қазақстан: италиялық компаниялар үшін коммерциялық табыс түсірудің және инвестиция салудың болашағы» тақырыбындағы бизнес-форумға қатысты.

* 6 ақпанда Ватиканда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Папа Иоанн Павел II-мен кездесті. Аудиенция барысында Рим Папасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бүкіл Қазақстан халқына өзіне Астанаға жасаған сапары кезінде көрсеткен ерекше құрметі үшін разылығын жеткізуді сұрады.

* 12 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Сындарлы он жыл» – «Критическое десятилетие» кітабының тұсаукесері өтті.

* 14 ақпанда Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің ІІІ конгресі болды. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, Қазақстан экономикасындағы айтулы өзгерістермен қатар, алдағы уақытта қаржы саласында ерекше назар аударылуға тиісті маңызды мәселелерге тоқталды.

* 18 ақпанда Мәскеуде Ресейдегі Қазақстан жылы салтанатты жағдайда ашылды. Салтанатты рәсімде Қазақстан және Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин сөз сөйледі.

* 22-23 ақпан күн­­­дері Президент Н.Ә.Назарбаев Бе­­­ла­русь, Қазақ­­стан, Ре­сей және Украинаның төрт­­ жақ­­ты кез­­де­суі­не­ қа­тыс­ты. Кездесу нәтиже­сін­де, төрт мем­лекеттің пре­­­зи­денттері Біртұтас эко­­­но­­­микалық ке­ңіс­­тік құ­­­ру жө­нін­де шешім қа­­был­­дады.

* 14 наурызда Пре­зи­дент Н.Ә.Назарбаев ЕурАзЭҚ  Бас хатшысы Григорий Рапотамен кездесті.

* 19 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Пре­з­идентінің жанын­-
да­­ғы Адам құқықтары жө­нін­дегі комиссия туралы Жар­лыққа қол қойды.

* 4 сәуірде Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың тө­рағалығымен Ұлттық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда еліміздегі ең көкейкесті мәселелер талқыланды.

* 15 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарының форумына қатысты.

* 23 сәуір ҚР Президенті Дүниежүзілік туристік ұйымының Бас Хатшысы Франческо Франжиалиді қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен дүниежүзіндегі туристік бизнестің жағдайы талқыланды.

* 24 сәуірде Алматыда ІІ Еуразиялық экономикалық медиа-форум өз жұмысын бастады. Форумда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 25 сәуір күнгі нөмірінде «Нұрсұлтан Назарбаев: Түсінісу, үнқатысу жолын табайық» тақырыбымен көлемді мақала жарияланды.

* 27 сәуірде Тәжікстан астанасында Еуразиялық экономикалық қауымдастық Мемлекетаралық кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті. Жиында Мемлекетаралық кеңестің төрағасы ретінде бірінші кезекте сөз алған Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық қауымдастықта атқарылған істер және интеграциялық ынтымақтастықты жеделдету жөнінде сөз қозғады.

* 6 мамырда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас Хатшысы, доктор Абдалла Бен Абдельмухсин Аль-Түркимен кездесті. Екі жақ Қазақстанда Әлемдік діндердің құрылтайын өткізу мәселесін талқылады.

* 8 мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру туралы» Заңына қол қойды.

25-sauyr-2003-zhyl-eg* 13 мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Акционерлік қоғамдар туралы» Заңына қол қойды.

* 17 мамырда Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Ватиканның мемлекеттік хатшысы кардинал Анджело Соданоны қабылдады. Ватикан мемлекеттік хатшысы Елбасына Папа Иоанн II Павелдің сәлемін жеткізді.

* 19 мамырда Астанада Францияның Қазақстандағы экономикалық форумы басталды. Оған франциялық 17 ірі және орта компаниялар қатысты.  Форум шеңберінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Францияның Экономика, қаржы және индустрия министрлігі жанындағы Сыртқы сауда мәселелері бойынша делегат-министр Франсуа Лоосты қабылдады.

* 21 мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапары басталды. Елбасы Ыстанбұлда Абай атындағы мектептің ашылуы салтанатына қатысты. Ертеңіне Қазақстан Президентінің сапары Анкарада жалғасты. Мұнда Елбасы Түркия Президенті А.Н.Сезермен және Премьер-министр Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Кездесу нәтижесінде екіжақты ынтымақтастықты жаңа белеске көтеруге мүмкіндік беретін құжаттарға қол қойылды.

* 29 мамыр Мәскеуде Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер басшыларының саммиті өтті. Саммиттің күнтәртібінде ұйымның бағыттарын айқындайтын өзекті мәселелер қаралды. ШЫҰ мәжілісіне Президент Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етті.

* 3 маусымда Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесті. Келіссөздер нәтижесінде 2003-2008 жылдар аралығына арналған Қазақстан – Қытай ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары достық және тату көршілік туралы Бірлескен декларацияны бекітті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 4 маусым күнгі нөмірінде «Қазақстан – Қытай: өзара тиімді байланыс баянды бола береді» тақырыбымен мақала жарық көрді.

* 5 маусымда «Оқжетпес» санаторийінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Президент жанындағы Шет ел инвесторлары кеңесінің кезекті, тоғызыншы отырысы өтті. Жиында Президент Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жетілдіру тұрғысында сөз сөйледі.

* 24-27 маусым аралығында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Канадада ресми сапары болып өтті. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Канаданың Генерал-губернаторы, елдің Жоғарғы бас қолбасшысы Эдреан Кларксон ханыммен және Премьер-министр Жан Кретьенмен кездесті. Сондай-ақ, Елбасы Канаданың  Калгари қаласында өткен халықаралық инвестициялық форумға қатысып, сөз сөйледі.

* 28 маусымда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға қысқа мерзімді жұмыс сапары болды. Елбасы Франция Президенті Жак Ширакпен келіссөздер жүргізді.

* 2 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар рыногы туралы» Заңға қол қойды.

* 5 шілдеде Алматыда Орталық Азия ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының жоғары дәрежелі кездесуі болды. Кездесуде бірнеше құжатқа қол қойылды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы өзара қарым-қатынаста болуға ынталандыра отырып, туыс елдердің мүддесіне сәйкес келетін саясат жүргізуді жалғастыру және осыған жауап беретін қағидаларды жақындастыратын Бірлескен мәлімдеме болды.

* 10 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2014-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы Жарлыққа қол қойды.

* 28 тамызда Алматыда теңізге шығатын жолы жоқ және тасымал жолында орналасқан дамушы елдер министрлерінің, сондай-ақ, транзиттік тасымалдар саласындағы ынтымақтастық мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен БҰҰ аясындағы конференция өз жұмысын бастады. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.

* 5 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында ХІХ ға­сырдағы қазақ поэзия­сының аса көрнекті өкілі Дулат Бабатай­ұлының ту­ға­нына 200 жыл толуына арналған мерекелік шаралар басталды.

* 8 қыркүйекте Қазақ­стан­ға ресми сапармен Румыния президенті Ион Илиеску келді. Ертеңіне мәртебелі қонақты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз резиденциясының алдын­да қарсы алды. Екі­жақ­ты кездесудің қоры­тын­ды­сында үш құжатқа – Қазақстан мен Румыния арасындағы Әріптестік және ынтымақ­тастық туралы декларацияға, малдәрігерлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі құралдары айналымына, лаңкестік және басқа қауіпті қылмысқа қарсы күрес туралы келісімге қол қойылды.

* 12-15 қыркүйек аралығында Махамбет Өтемісұлының ЮНЕСКО шеңберіндегі 200 жылдық мерейтойы болып өтті. Ақын мерейтойының ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуіне Елбасы ерекше мән берді. Айтулы шара барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Атырау қаласындағы Исатай-Махамбет мемориалдық кешенінің ашылуына қатысып, ескерткіштің жамылғысын өзі түсірді. Осында тәуелсіздік туын көтерген тұлғалар туралы сөз сөйледі. «Махамбет туралы айтқанда оны Исатайдан бөліп-жарып қарай алмаймыз. Махамбеттің өзі жырлайтындай, «Исатай – басшы, мен – қосшы». Екеуі де батыр, отаршыл озбырлыққа қарсы халық наразылығының ұйымдастырушылары», деді Елбасы. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 16 қыркүйек күнгі нөмірінде «Махамбет ұлт атынан тіл қатады» тақырыбымен мақала жарияланды.

* 23 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары бірінші құрылтайының ашылу салтанаты болды. Оған Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. «Біз сақтап әрі нығайтып отырған этносаралық және конфессияаралық татулықтың түбегейлі әрі ауқымды өзгерістерді серпінді түрде жүргізуге мүмкіндік берген, саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы табыстарымызды қамтамасыз еткен іргетас болғанына сенімім кәміл», деді Қазақстан Президенті.

era_3163* 24 қазанда Алматыда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының директоры Йонг Вук Лиді қабылдады. Басқосуда Қазақстанда денсаулық саласына қатысты атқарылып жатқан ауқымды шаралар туралы сөз болды.

* 6 қарашада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Сингапурге мемлекеттік сапары болды. Сапар барысында Елбасы Сингапур Президенті Селлапан Рама Натан және Премьер-министр Го Чок Тонгпен кездесті.

* 11-12 қараша күндері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Филиппинге мемлекеттік сапары болды.

* 13 қарашада Президент Н.Ә.Назарбаев ресми сапармен Оңтүстік Кореяға барды. Сапар шеңберінде осы елдің Президенті Но Му Хенмен кездесті.

* 8 желтоқсанда Н.Ә.Назарбаев екі күндік ресми сапармен Пәкістан Ислам Республикасына барды.

* 13 желтоқсанда Астанада ел Тәуелсіздігінің 12 жылдығына арналған салтанатты жиын болды. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасады.

* 22 желтоқсанда Президент Н.Ә.Назарбаев Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хурал Төрағасы Санжбэгз Томор-Очир бастаған делегацияны қабылдады. Кездесу барысында тараптар екіжақты байланыстың даму деңгейіне, әсіресе, өзара саяси қарым-қатынас саласындағы байланысқа қанағаттанатындықтарын білдірді.

*25 желтоқсанда Астанада Президент Н.Ә.Назарбаев Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевпен кездесті. Кездесуде Елбасы өңірлік қауіпсіздік пен экономикалық интеграцияны дамыту мен нығайтуда Қырғыз Республикасының Қазақстан үшін сенімді әріптес болып қала беретініне баса назар аударды.

"Егемен Қазақстан"