2002
* 4 маусымда Алматыда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) бірінші саммитінің ашылуы болды. Онда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысушы мемлекеттер дүние жүзінде мұнай қоры бойынша жетекші орындарды алып отыр, бұл қор жер шарындағы «қара алтынның» 40 пайызын құрайды. Біздің құрлықтың көлік-коммуникациялық мүмкіндіктері шын мәнінде орасан. Осыдан біраз бұрынғы Азия дағдарысының Азиядағы елдер экономикасы үшін қиын салдары болды, бірақ ол бұл елдердің тұғырын шая алмады», деді Елбасы.
* 5 маусымда Қазақстан Президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің І саммитіне қатысуға келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Цзян Цзэминь және Моңғолия Президенті Нацагийн Багабандимен кездесті.
* 7 маусымда Санкт-Петербургте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кездесуі болды. Саммит жұмысына қатысып, сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Шанхай ынтымақтастық ұйымы қазіргі уақыт пен тарихи кезеңнің талаптарына толық жауап береді және аймақтың өркениетті дамуын оның саяси тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтау міндеттерімен өз қызметін жандандыруы аса қажет», деді. Аталған басқосу туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 8 маусым күнгі нөмірінде «Шанхай ынтымақтастық ұйымы саясат әлеміндегі қадамын нықтап келеді» тақырыбымен мақала жарияланды.
* 6 шілдеде Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің жетінші пленарлық отырысы өтті. Жиын аяқталғаннан кейін журналистерге арнайы сұхбат берген Елбасы: «Қазақстанды ТМД-ның басқа мемлекеттерінен өзгешелеп тұратын үлкен бір ерекшелік бар. Ол экономикамызға инвестицияның аса мол көлемде салынуы болып табылады», деді.
* 7 тамызда Астанада Үкіметтің кеңейтілген отырысы болды. Мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Елбасы өз сөзінде ел өмірінің елеулі мәселелерін атап көрсетті.
*29 тамызда Астанада Қазақстан Конституциясының 7 жылдығына орай салтанатты жиын өтті. Оған қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ата Заңымыз жөнінде кеңінен толғап сөз сөйледі.
* 3 қыркүйекте Президент Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Африка Республикасының Йоханнесбург қаласында өткен тұрақты даму жөніндегі БҰҰ саммитінің жұмысына қатысты. Саммитте сөз сөйлеген Елбасы адамзат баласы талассыз ғылыми-техникалық прогреске қол жеткізгеніне қарамастан, жер жарылып, су аққалы бергі соңынан қалмай келе жатқан жарлы-жақыбайлық, аштық, ауру, соғыс атаулыдан толық құтыла алмай отырғанына баса назар аударды.
*9 қыркүйекте Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстан Президенті И.Каримовті қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара мәселесін түпкілікті шешкен шартқа қол қойылды.
*23 қыркүйекте Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстанға тұңғыш рет ресми сапармен келген Словенияның Президенті М.Кучанмен кездесті. Достық, түсіністік жағдайында өткен басқосуда екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейту бағытындағы мәселелер талқыланды.
* 26 қыркүйекте Тараз қаласының 2000 жылдық торқалы тойы басталды. Мерекелік шараның ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 27 қыркүйектегі нөмірінде «Мәңгіліктің алтын өрмегі» тақырыбымен мақала жарияланды.
*5-6 қазан күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының төртінші кездесуіне және Аралды құтқару халықаралық қорының отырысына қатысты.
* 7 қазанда Кишиневте ТМД елдері басшыларының саммиті өтті. Оған Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Алқалы жиында ТМД құрылымын жетілдіруге байланысты бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
*17 қазанда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы К.Аннанмен кездесті. Елбасы БҰҰ Бас хатшысының елімізге сапары республика өңіріндегі үлкен саяси оқиға екенін, оның Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жаңаша серпін беретінін атап көрсетті.
* 23 қазанда Түркістан қаласында Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайы ашылды. Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бар қазақтың Отаны болып табылатын Қазақстанның бүгіні мен ертеңі, оның шетелдердегі қандастарымызбен байланысы туралы баяндап берді.
*27 қарашада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Нидерланд Корольдігіне ресми сапары болды. Қазақстан Президенті Королева Беатрикс және Премьер-министр Я.Петермен кездесті. Сапар барысында Елбасы Нидерланд бизнесмендерін Қазақстан нарығына қатысуға шақырды.
*29 қарашада Брюссельде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық комиссияның төрағасы Романо Продимен және Еуропалық одақ кеңесінің бас хатшысы Хавьер Соланамен кездесулері болды.
*18 желтоқсанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге келді. Ертеңіне Елбасы Королев қаласында болып, Ұшуды басқару орталығының жұмысымен танысты. Осы күні Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Президенттер екіжақты ынтымақтастықты қандай бағытта дамытқан жөн деген сауал төңірегінде әңгімелесті.
*23 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары болды. Келіссөздер нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзян Цзэминь бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойды, оның ішінде Қытай мен Қазақстан арасындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт бар.
*27 желтоқсанда Астанада Орталық Азия ынтымақтастығы ұйымына қатысушы мемлекеттер басшыларының төртінші саммиті болды. Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұйым аясындағы жұмыстарға талдау жасай келіп, аймақ мемлекеттерінің ынтымақтастығын тұтастай алғанда оң бағалады.