2002
* 1 қаңтарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтауы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Елбасы құттықтауында: «Халқымыздың болашаққа деген сенімі мен сезімі күн санап күшейіп келе жатқаны мен үшін ерекше ыстық. Халық ықыласынан ыстық не бар?» – деп жазылды.
* 22 қаңтарда Президент Н.Ә. Назарбаев Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы Григорий Рапотамен кездесті. Басқосу барысында ЕурАзЭҚ қызметіне байланысты бірқатар стратегиялық мәселелер талқыланды.
* 26 қаңтарда Астанада ел өмірінің келелі мәселелерін талқылаған алқалы кеңес өткізілді. Парламенттің және Үкіметтің басшылары мен мүшелері, барлық деңгейдегі әкімдер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысқан жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, өткен жылдың экономикалық көрсеткіштері негізінен алғанда жаман емес деген баға берді. «Көптеген салалар тығырықтан шығып, даму белесіне аяқ басты, жалпы алғанда экономикамыздың өркендеу үрдісін орнықтыра түстік. Көптеген кәсіпорындар қалпына келтірілді, жаңадан жұмыс орындары ашылды, қалалар мен аудан орталықтарын, селоларды көркейту жөнінде қыруар жұмыс атқарылды», деді Елбасы.
* 11-14 ақпан аралығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістанға ресми сапары болып өтті. Елбасы Үндістан Республикасының Президенті Кочерил Раман Нараянмен, Премьер-министр Атал Бихари Ваджпаимен кездесті. Екі ел жетекшілерінің сұхбаттасуында халықаралық жағдайдың көкейкесті мәселелері, әлемге төнген жаңа қауіп – терроризммен күресу, оның белең алуына жол бермеу шаралары талқыланды, сондай-ақ, сауда-экономикалық, мәдени-ғылыми байланыстарды одан әрі тереңдетіп, дамытуға баса мән берілді. Сапар шеңберінде Нұрсұлтан Назарбаев Делидегі Абай атындағы көшенің ашылу салтанатына қатысты.
*28 ақпанда Алматыда Орталық Азия мемлекеттері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттері Орталық Азия ынтымақтастық ұйымының құрылуы туралы шартқа қол қойды. Құжатқа қол қойылғаннан кейін журналистерге берген сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрткүл дүниеде адам баласының тәңірден тілейтін тыныштығы үшін және мемлекеттің тұрақтылығына қауіп төндіретін кез келген әрекеттер мен құбылыстарға қарсы тұру үшін күш біріктірудің маңыздылығына екпін берді.
*7 наурызда Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Заңға қол қойды.
*18 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әділет органдары туралы» Заңға қол қойды.
* 29 наурызда Астанада Президент Нұрсұлтан Назарбаев-
тың қатысуымен құқық қорғау органдарының республикалық кеңесі болды. Кеңесте Елбасы сөз сөйледі. «Біз өз қоғамымыздағы тұрақтылықты заңды түрде мақтан етеміз. Бұл мемлекет құрылысында соның есебінен табысқа қол жеткізілген ең басты нәрсе. Нақ сондықтан да инвестициялар келіп жатыр, еліміз дамуда», деді Қазақстан Президенті.
* 7 сәуірде Алматыда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Дүниежүзілік банк президенті Дж.Вулльфенсонмен кездесуі болды. Тараптар алдағы уақытта Қазақстан мен Дүниежүзілік Банк арасындағы өзара байланыстың тереңдей түсетініне сенім білдірді.
* 8-9 сәуір күндері Алматыда Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның бір бөлігі болып табылатын «Еуразиялық экономикалық саммит-2002» жиыны болып өтті. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Сондай-ақ, саммит аясында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Украина Премьер-министрі А.Кинахпен, Иранның бірінші вице-президенті Мохамед Реза Арефпен, Ислам Даму банкінің президенті Ахмад Мохамед Алимен және Экономикалық ынтымақтастық ұйымының директоры Абдолрахим Гавахимен кездесті.
*19 сәуірде Астанада Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанға ресми сапармен келген Хорватия Президенті С.Месичпен кездесуі болды. Келіссөздер барысында тараптар мұнай саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне баса назар аударды. Сондай-ақ, мемлекеттер басшылары өз аймақтарындағы интеграция мәселелерінде – Орталық Азия мен Балқан түбегінде – Қазақстан мен Хорватияның сыртқы саяси ұстанымдары сәйкес келетіндігіне қанағаттанатындықтарын білдірді.
* 24 сәуірде Иран Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Хатами Қазақстанға ресми сапармен келді. Екіжақты кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мохаммад Хатами Қазақстан мен Иран арасындағы Достық қарым-қатынастар туралы декларацияға қол қойды.
*25 сәуірде Алматыда І Еуразиялық медиа-форум өз жұмысын бастады. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 26 сәуір күнгі нөмірінде «ХХІ ғасыр – бұл Еуразияның қауырт даму ғасыры болады» тақырыбымен мақала жарияланды.
*28 сәуірде Н.Ә. Назарбаев АҚШ Қорғаныс министрі Д.Рамсфельдті қабылдады. Екі жақ халықаралық лаңкестікке қарсы күресудегі ынтымақтастық тақырыбын талқылады.
*13 мамырда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Мемлекетаралық Кеңесінің кезекті мәжілісі өтті. Жиын барысында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресей басшысы В.В.Путиннің кездесуі болды. Тараптар Қазақстан мен Ресей арасында Каспий теңізінің солтүстік бөлігі қайраңын бөлу турлы келісімге қол қойды.
*22-23 мамыр күндері Президент Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Словенияда болып, осы елдің басшысы Милан Кучанмен кездесті. Сондай-ақ, сапар барысында Елбасы Словенияның Премьер-министрі Янез Дрновшекпен әңгімелесті. Я.Дрновшек Қазақстан Президентіне «Словения Республикасы азаттығының құрметті алтын орденін» тапсырды.
*24-25 мамыр күндері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Польшада ресми сапары өтті. Н.Ә.Назарбаев Польша Президенті А.Квасневскимен кездесті. Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастық мәселелерін талқылады.