04 қар, 2016 сағат 11:57

Жасампаздық жылнамасы. 2001 жыл

2001

*1 мамырда Алматыда Қазақстан халқы достығының фестивалі басталды. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы аясында өткен бұл шараны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, баршаға береке, бірлік, татулық тіледі. «1995 жылдан мемлекеттің мәртебелі мерекесі болып келе жатқан 1 мамыр – баршамыздың ынтымағымыз бен өзара түсіністігімізді, достығымыз бен бауырмалдығымызды жарқыратып көрсететін кемел күніміз. Қазақстан – татулығы жарасқан шаңырақ», деді Мемлекет басшысы.

*6 мамырда қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев басқарған «Союз-ТМ-32» кораблі Жерге қайтып оралды. Тікұшақпен Астана әуежайына жеткізілген экипаж мүшелерімен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кездесті. Экипаж құрамында борт инженері Юрий Батурин мен тұңғыш ғарышкер-турист Деннис Тито бар болатын.

*9 мамырда Астанада «Отан қорғаушылар» мемориалдық кешені ашылды.

*11 мамырда елордада қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы ұлы күрескер – Кенесары ханның ескерткіші ашылды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 12 мамыр күнгі нөмірінде «Қазақта Кенекеме ер жетпеген…» тақырыбымен мақала жарияланды.

*18 мамырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі орнатылып, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оған Елбасы қатысып, сөз сөйледі.

*23 мамырда Президент Н.Ә.Назарбаевтың Арменияға ресми сапары басталды. Ертеңінде Ереван қаласында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өткізілді. Сапар барысында Елбасы Армения Президенті Р.Кочарянмен келіссөз жүргізді.

*31 мамырда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық қоғамдастық мемлекетаралық кеңесінің және ТМД-ға мүше елдер басшылары кеңесінің мәжілістеріне қатысу үшін Беларусь астанасына келді. Онда негізінен алдын ала мақұлданған 18 құжат қаралды. Ертеңіне Минскіде ЕурАзЭҚ-қа қатысушы мемлекеттер басшыларының мәжілісі өтті.

*5 маусымда Қазақстанда Ресей Федерациясы мәдениетінің күндері басталды.

*7 маусымда Қазақстан судьяларының съезі өтті. «Біздің еліміздің судьялары ең басты мәселеге негізделген жаңа көзқарастарды талдап жасайды деген сенімдемін: мәселені адамдар өздерінің құқықтарын қорғау үшін шенеуніктерге емес, әкімдерге емес, Үкіметке емес, Президентке емес, сіздерге келетіндей етіп қойыңыздар», деді Президент судьялар алдында сөйлеген сөзінде.

*12 маусымда Қазақстан Премьер-министрі Қ.Тоқаев азаматтардың ақшаны жария етуі жөніндегі акцияға байланысты мәлімдеме жасады. «Рақымшылық нәтижесінде азаматтар үшін ешқандай келеңсіз салдар болмайтынын мәлімдеймін. Құқық қорғау органдары тексеру, шұғыл-іздестіру шараларын жүргізу үшін ақшаны жария ету фактілерін пайдаланбайтын болады», деді Үкімет басшысы.

*13 маусымда Елбасы Н.Ә.Назарбаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Ж.Лемьерді қабылдады. Кездесу барысында еліміздегі экономикалық реформалар, Қазақстан мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

*14-15 маусымда Қытайда «Шанхай бестігі» елдерінің алтыншы саммиті өтті. Шанхай қаласында Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің президенттері кездесіп, онда ұйымның атын өзгерту келісілді және мемлекеттер басшылары Өзбекстанды «Шанхай ынтымақтастық ұйымына» қабылдау туралы Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Осылайша, Өзбекстанның мүше болуына байланысты, ұйымды «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» ретінде қайта құру туралы шешім қабылданды.

*19 маусымда 184,5 шақырымдық «Ақсу-Дегелең» темір жолы іске қосылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жолдың ашылуына арнайы қатысып, сөз сөйледі. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 20 маусым күнгі нөмірінде Елбасы атап көрсеткендей, «Ақсу-Дегелең» темір жолының іске қосылуы – тәуелсіздік тойына тамаша тарту» тақырыбымен мақала жарияланды.

*24 маусымда Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының I спартакиадасының ашылу салтанаты өтті.

*29 маусымда Елбасы Жарлығымен 2007 жылға дейінгі кезеңге «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы құрылды.

*1 шілдеде елде қосымша құн салығы 20-дан 16 пайызға, әлеуметтік салық 26-дан 21 пайызға төмендетілді. Бұл елімізде жүріп жатқан реформалардың жарқын жетістігі еді.

*5 шілдеде Астанаға екі күндік ресми сапармен Түрікменстан президенті Сапармұрат Ниязов келді. Келіссөздерден кейін Қазақстан мен Түрікменстан президенттері мемлекеттік шекараны айқындап алу мәселелері туралы келісімге, басқа да құжаттарға қол қойды.

20mausym-2001-zhyl-e*16 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Грекия Республикасына ресми сапармен барды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Грекия Президенті Константинос Стефанаполустың әңгімелесуінде, кеңейтілген құрамда өткізілген келіссөздерде екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелері талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев грек елінің ең жоғары наградаларының бірі – Құтқарушы орденімен наградталды.

*18-19 шілде күндері Президент Н.Ә.Назарбаевтың Хорватия Республикасына тұңғыш рет ресми сапары өтті. Сапар барысында Қазақстан Президенті мен Хорватия басшысы Степан Месич екі елдің өзара қарым-қатынасының принциптері туралы декларацияға қол қойды. Ал Сыртқы істер министрлері ынтымақтастық туралы меморандум бекітті.

*23 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары басталды. Ел басшылары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Асқар Ақаев маңызды үш құжатқа – екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытуға бағытталған бірлескен мәлімдемеге, 2001-2005 жылдардағы экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекараны делимитациялау туралы коммюникеге қол қойды. Осы күні Бішкектегі Емен саябағында мемлекеттер басшыларының қатысуымен Мұхтар Әуезовке ескерткіш ашылды.

*2 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД елдері басшыларының Қара теңіз бойындағы бейресми кездесулеріне қатысты.