11 нау, 2022 сағат 17:48

Жас ақындар Жүніс Емренің таңдамалы өлеңдерін қазақ тіліне аударды


Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі түрік ақыны Жүніс Емренің өлеңдерінің қазақ тіліндегі жинағы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалы мен Жүніс Емре институтының Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырған шараға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен дипломаттар қатысты. 

Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Экиджи игілікті іске мұрындық болған адамдарға алғыс айтып, бауырлас елдің атынан ризашылық білдірді. 

«Бүгін Жүніс Емре институтының Қазақстан Жазушылар одағымен бірге атқарған жемісті жұмысының нәтижесі ретінде ақынның қазақша таңдамалы өлеңдер кітабын таныстырғалы отырмыз. 2 наурыз күні екі бауырлас елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толды. Бүгінгі шара осындай маңызды оқиғаға сәйкес келіп отыр. Аудармадағы негізгі көркемдік рөлді өз мойнына алған 19 қадірлі қазақ ақынын осы маңызды жобаларымен құттықтаймын», - деді Елші. 

Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филианың директоры Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, бұл аудармаға кілең жас ақындар атсалысқан. 

«2021 жыл түркі дүниесіне ортақ тұлға Жүніс Емре жылы болғанын білесіздер. Шайырдың жырларын қазақ тіліне бұған дейін де үлкен ақындарымыз аударған. Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет ағаларымыздың аудармалары бар. Биыл Халықаралық түркі академиясының қолдауымен қазақтың көрнекті ақыны Светқали Нұржановтың аудармасы оқырманға жол тартты. Бұл қазақ ақындары Жүніс Емрені аударудан жарысып жатыр деген сөз емес. Жүніс Емре институтының Қазақстандағы өкілдігі бізбен байланысқа шығып, Түркиядағы ғалымдар іріктеген 72 өлеңді аудармаға ұсынды. Яғни аударылатын өлеңдерді аудармашылар емес, Жүніс Емре мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар таңдады. Бізде дәстүр сабақтастығы дейтін дүние бар. Сол ретте бұл жолғы аудармаға үлкен аудармашыларымызды қоспай, жас ақындарды тарттық. Атап тұрып айтсақ, Қазақстан жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалындағы одақ мүшелері, елдің әр өңірінде әдебиетке өзіндік үндерімен келген жас дарын иелері аудармаға атсалысты. Бір жағынан аударма ақынды шынықтырады, екінші жағынан шығармашылық ізденіске итермелейді. Міне сондықтан жас ақындарды тарттық», - дейді Жазушылар одағының өкілі. 

Аударма жинағы 1000 данамен басылыпты. Оның негізгі бөлігі елдегі кітапханаларға таратылмақ. 

«Біздің кейбір ақынымыз Жүніс Емрені қазіргі түрік тіліндегі нұсқасынан аударған. Бұл аударманың ерекшелігі деп айтуға болады, біз көне түркі тіліндегі нұсқасымен салыстырып отырып аудардық. Қазіргі түрік тілі мен ескі түркі тілінің арасында парық бар. Сол ескі түркі тілінен әуелі қазіргі түрік тіліне түсіріп, содан қазақша жолма-жол аударма жасалды. Осы тараптан келгенде ақындар аудармаға қатты қиналды деуге келмейді.

Жазушылар одағының бастамасымен Әзербайжан халқының қазіргі замандағы поэзиясының антологиясын аударғанбыз. Ешқандай қаламақысыз, ақындардың жүрек қалауымен атқарылды бұл шаруа. Енді осы жолмен якут-саха поэзиясының антологиясын аударып жатырмыз», - деді Дәуеткерей Кәпұлы. 

Шара соңында аударма жұмысына белсенді атсалысқан ақындар мен ұйымдастырушыларға Түркия елшілігі мен Жүніс Емре институтының атынан естелік сыйлықтар табысталды.